Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло тұрғындар алдында брифинг өткізіп, округтің биылғы жартыжылдықтағы дамуы мен алдағы жоспарлары туралы баяндама жасады,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.

Әкімнің айтуынша, округтегі басты басымдық — тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту және инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамыту.

Қазіргі таңда округте 135 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Жыл басынан бері 130 млн теңге инвестиция тартылып, екі көкөніс сақтайтын қойма салынған. Жақын арада 200 млн теңгеден астам қаржыға балық шаруашылығы, тойхана және кафе ашу жоспарланып отыр.

Мал шаруашылығы тұрақты дамуда: округте 3928 ірі қара, 6500 қой, 509 жылқы және 16 мыңнан астам құс бар.

Білім беру саласында бес мектеп, колледж филиалы және екі жекеменшік мектеп жұмыс істейді, жалпы 5 мыңға жуық оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі тәрбиемен 710 бала қамтылған.

Денсаулық сақтау саласында 200 орындық үш қабатты жаңа аурухана құрылысы жүріп жатыр. Бұл мекеме заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Жол инфрақұрылымында 71 км жолдың 20 көшесі толықтай, 8 көше жартылай асфальтталған. Биылғы жылы тротуарлар төселіп, көше жарығы орнатылып, кіреберіс арка салынған. Балалар алаңдары мен воркаут аймақтарын салуға 20 млн теңге бөлінсе, Сортөбедегі жолдарды жөндеуге 61 млн теңге жұмсалды.

Сортөбеде газдандыру деңгейі 95%-ды, Бұлар батыр ауылында 90%-ды құрайды.

Жұмыссыздықпен күрес және әлеуметтік қолдауға ерекше мән берілуде. Қоғамдық жұмысқа 20 адам тартылып, 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Қайырымдылық көмегі 1,5 млн теңгеден асты.

Биылғы алты айда округтің бюджеттік игерілуі 99,1 млн теңгені құрады. Қаражат негізінен көше жарығы, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстарына бағытталған. Салық жоспары 100% орындалған.

Брифинг соңында Рустам Фушанло округтегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.

«Кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қамту және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Қазіргі қарқын жақсы, енді басты мақсатымыз — осы жетістіктерді одан әрі нығайту», — деді округ әкімі.