Қордай ауданының баспасөз орталығында өткен брифингте Степной ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айтып берді деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінің сайтына сілтеме жасап.
Әкімнің мәлімдеуінше, округ аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасып, 10 763 гектар аумақты қамтиды. Степной, Арал және Қалғұты ауылдарын қосқанда, негізгі табыс көзі – мал шаруашылығы: ірі қара – 3368, ұсақ мал – 19 699, жылқы – 356, құс – 6143 .
Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артқан. Санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында бір рейд өткізіліп, 13 қаңғыбас ит жойылды.
Инфрақұрылымдық жобалар бойынша балалар ойын алаңдары салынды, табиғи газбен қамту Степнойда – 94%, Аралда – 90%, Қалғұтыда – 86%. Ауыз су барлық үш елді мекенде тәулік бойы беріледі.
Шағын кәсіпкерлікті дамыту және жұмыс орындарын көбейту жобалары іске қосылып, тұрғындарға бизнес негіздері бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар, жолдарды жөндеу, су және электр жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Әкім әлеуметтік желілерде тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, олардың пікірін ескеру маңызды екенін атап өтті.

