28 мамыр күні Қордай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков пен кеңес мүшелері қатысқан жиында күн тәртібіне екі негізгі мәселе шығарылды.

Бірінші мәселе – аудандағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелерде Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты аясында атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты. Екінші мәселе – ауылдық округ әкімдерінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытында жүргізіп жатқан іс-шараларының есебі.

Күн тәртібіндегі алғашқы сұрақ бойынша тиісті комиссия тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындылары ортаға салынды. Атап айтқанда, «Қоғамдық құқықтық тәртіпті сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, әлеуметтік-мәдени салалар және қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс мәселелері жөніндегі» комиссия төрағасы Бейқұт Жамангозов баяндама жасады.

Ол өз сөзінде мемлекеттік балабақшалардағы материалдық-техникалық базаның кейбір нысандарда талапқа сай еместігін, қаржыландырудың басым бөлігі тек еңбекақыға жұмсалып, материалдық қажеттіліктерге қаражат жетіспейтінін атап өтті. Сонымен қатар, бірқатар балабақшаларда ойын алаңдары бейнебақылау жүйесімен толық қамтылмағаны белгілі болды. Аудан бойынша 18 балабақшаның 10-ы әлі де көмірмен жылытылады. Осыған байланысты оларды кезең-кезеңімен газдандыру қажеттілігі көтерілді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Бюджет, қаржы және құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі» комиссия төрайымы Айнұр Алматаева баяндама жасады.

Отар және Кенен ауылдық округтеріндегі жүргізілген зерделеу жұмыстары барысында белгілі болғандай, оң нәтижелермен қатар, ескеруді қажет ететін тұстар да анықталған.

Мәселен, Отар ауылдық округінде мемлекеттік қызметтерді көрсету мерзімдері сақталмаған. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыруға қатысты шаралар жеткілікті деңгейде жүргізілмеген. Атап айтқанда, мекемелерде Брайль қарпімен жазылған маңдайшалар, тактильді бағыттау жолдары, арнайы тұтқалар мен дыбыстық құрылғылар орнатылмаған, санитарлық тораптар да талапқа сай бейімделмеген.

Кенен ауылдық округінде де ұқсас жағдайлар тіркелген. Әкімдік ғимаратында мүгедектерге арналған қолайлы жағдайлар тек ішінара қарастырылған. Сонымен қатар, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі және аналар кеңесінің құжаттары сақталатын арнайы папкалар жоқ. Әкімдікке бекітілген бухгалтердің болмауы кейбір сұрақтарға уақтылы жауап беруге кедергі келтіріп отыр. Штат кестесіне қатысты нақты мәліметтер де жетіспейді.

Осы және өзге де мәселелер бойынша ауылдық округ әкімдері түсініктеме беріп, кейбір кемшіліктердің себептерін ашып айтты.

Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері шешім жобасын қарап, оны бірауыздан қабылдады.