Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшелері жоспарлы іссапар аясында Қордай ауданына келді, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Іссапар барысында Қоғамдық кеңес өкілдері кәсіпкерлік саласына жүргізіліп жатқан қоғамдық мониторингке байланысты азаматтарды жеке қабылдады. Алдымен аудан әкімдігінде жиын өткізіліп, онда Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің Төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев, кеңес мүшелері Сейдахмет Сейітбеков пен Есен Рымқұлов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмас Алимходжаев және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.
Кездесу барысында кәсібін дамытқысы келетін азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелері талқыланды. Негізгі мақсат – кәсіпкерлер қызметіндегі кедергілерді азайтып, оларды құқықтық және ақпараттық тұрғыда қолдау.
«Қордай ауданының экономикалық әлеуеті зор. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлердің мәселелерін шешуге нақты көмек көрсету. Бұл сапардың нәтижесі өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді облыстық Қоғамдық кеңестің Төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев.
Өз кезегінде аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков мұндай шаралар жалғасын табатынын және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететінін атап өтті.
Кәсіпкерлермен кездесу барысында қосымша қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнесті кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, облыстық Қоғамдық кеңес делегациясы Қордай ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, кәсіпкерлік қызметтің нақты жағдайымен танысты.