Жамбыл облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері мен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірлесіп, ҚР ІІМ ҚАЖК-нің «№59 мекемесінде» профилактикалық кездесу ұйымдастырды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Шараға жазасын өтеуші сотталғандар мен мерзімі аяқталуға жақын азаматтар қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – есірткі қылмысына қатысты теріс көзқарас қалыптастыру, құқықтық сауатты арттыру және заңсыз есірткі айналымына байланысты қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Жиын барысында қатысушыларды дұрыс өмір салтына бейімдеу, жаңа бағыт таңдау және қоғамға бейімделуге ынталандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Кездесу аясында бұрын сотты болған, бүгінде есірткіге қарсы бастамаларға қатысып жүрген ерікті азамат сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөлісті. Оның өмір жолы әр адамның қателіктен сабақ алып, жаңа өмір бастауына мүмкіндік бар екенін көрсетті.

Мұндай ашық форматтағы диалог сенімді арттырып, құқықтық түсінікті кеңейтуге және сотталғандардың әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, іс-шарада есірткіні қолдану мен тарату салдары түсіндіріліп, қоғамға қайта бейімделу және толыққанды өмірге оралу мәселелері талқыланды.