Қордай ауданы әкімдігінің және аудандық прокуратураның тапсырмасы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құрылған мобильдік топ Ноғайбай ауылдық округінде келелі кездесу өткізді.,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
№35 Р.Кунакова атындағы орта мектепте ұйымдастырылған жиынға студенттер мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жас буынның құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң алдындағы жауапкершілік сезімін ояту, азаматтық ұстанымын нығайту болды.
Кездесуге Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Е. Ешмұрат, Қордай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Е. Джамалбеков, полиция қызметкері Е. Қазақбай, ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Ж. Джаманкөзов, әйелдер алқасының төрайымы Э. Хибраева және мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Оралбай қатысты.
Іс-шара барысында құқық бұзушылықтың салдары, заң талаптары және қоғамдағы тәртіптің маңызы кеңінен түсіндірілді. Мамандар мен қоғам белсенділері нақты өмірлік мысалдар арқылы жастармен ашық сұхбат жүргізіп, заңды білу мен құрметтеудің маңызын атап өтті.
Мұндай бастамалар – жас ұрпақтың құқықтық сауатын арттыруға, оларды саналы әрі жауапты азамат ретінде тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Өйткені заңды білу – ел ертеңіне сеніммен қараудың берік негізі.