Қазақстанда дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыру және фармацевтика саласын дамыту бағытында бірқатар өзгеріс жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде дәрілік препараттардың бағасын төмендетуге мүмкіндік туған. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, елдегі 799 дәрілік препараттың бағасы арзандаған. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Министрдің айтуынша, дәрі-дәрмек бағасын бақылау мен реттеу жұмыстары цифрлық таңбалау жүйесі арқылы күшейтілген. Оның көмегімен препараттардың қозғалысы, дәріханалардағы қоры және бөлшек саудадағы бағасы қадағаланады. Мониторинг нәтижесінде нарықтағы дәрілердің жартысынан астамының бағасы тұрақты екені анықталған. Ал 799 препараттың құны төмендеген.
Бұған қоса, рецептсіз сатылатын дәрілерге, сондай-ақ бағасы бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептпен берілетін препараттарға мемлекеттік баға реттеуі алынып тасталған. Осы өзгерістен кейін босатылған дәрілік заттардың 90 пайызының бағасы төмендеген.
– Дәрілердің бағасына жүргізілген цифрлық мониторинг нәтижесінде айналымдағы препараттардың 50 пайыздан астамының бағасы тұрақты екені, ал 799 дәрілік заттың арзандағаны анықталды. Бағаны реттеу тәртібін өзгерту де алғашқы оң нәтижесін көрсетті. Мемлекеттік баға реттеуінен босатылған дәрілік заттардың 90 пайызының құны төмендеді, – деді Ақмарал Әлназарова.
Сонымен қатар елімізде дәріханалар саны да артып келеді. Соңғы кезеңде олардың қатары 6 пайызға көбейіп, 10 мыңнан асқан. Оның 3 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Дәріханалардағы қызмет сапасын жақсарту үшін халықаралық GPP стандарттары енгізіліп, талаптарға сай жұмыс істейтін дәріханалар саны соңғы екі жылда 34 пайызға өскен.
Отандық фармацевтика өндірісінде де өсім байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион 285 миллиард теңгеге жеткен. Ал қазақстандық өндіріс көлемі соңғы екі жылда 37 пайызға артқан. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 157 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 пайыздық өсім тіркелген.
Бүгінде мемлекет амбулаториялық деңгейде 2,1 миллион пациентті 76 ауру түрі бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеді. Бұл мақсатқа шамамен 245 миллиард теңге қарастырылған. Алдағы жылы қажетті препараттарды уақытылы жеткізу үшін сатып алу науқаны да үш ай бұрын басталған.
Министрлік дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, отандық өндірісті кеңейтуді жалғастырмақ. Алдағы уақытта жаңа фармацевтикалық кәсіпорындар ашылып, медициналық бұйымдардың бағасын төмендетуге бағытталған өзгерістер де енгізілмек.

