Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында жүктелген тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Осыған орай облыс әкімдігінде кеңейтілген актив отырысы өтіп, өңірдің алдағы жұмыс бағыттары айқындалды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев биылғы Жолдаудың ел өміріндегі маңызды кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Оның айтуынша, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен жаңа Конституция қабылданған тұста Мемлекет басшысы Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстанды қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап берді.
Өңір басшысы ел дамуының басты шарттарының бірі қоғамдық келісім мен тұрақтылық екенін жеткізді. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте жауапкершілікті күшейтіп, «Заң және тәртіп» қағидатын берік ұстану қажеттігін еске салды.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген жұмысты ойдағыдай атқару үшін, ең алдымен, қоғамда татулық пен бірлік болуы керек. Бірлік пен келісім болмаса, ешқандай реформа мен ілгерілеу болмайды. Сондықтан талап пен тәртіпке, «Заң және тәртіп» қағидатына басымдық беруіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жолдаудағы маңызды бағыттардың бірі – атом энергетикасын дамыту. Облыс әкімі «Мойынқұм» атом электр станциясының құрылысы Жамбыл өңірі үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін екенін айтты. Жоба жүзеге асқан жағдайда құрылыс саласы жанданып, көлік, қызмет көрсету және құрылыс материалдарын өндіру бағыттарында жаңа сұраныс қалыптасады. Мыңдаған жұмыс орнының ашылуы да күтіледі.
– Мемлекет басшысы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастауды, ал «Мойынқұм» АЭС-ін жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Бұл – біздің өңір үшін де маңызды жоба. Құрылыс мыңдаған жұмыс орнын ашуға, құрылыс материалдарына, көлік және қызмет көрсету салаларына сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы тиіс. Біздің міндетіміз – жобаның өңір тұрғындарына нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету, – деді облыс әкімі.
Осыған байланысты жауапты басқармаларға Атом энергиясы агенттігімен байланысты күшейтіп, жергілікті кәсіпорындардың жобаға қатысу мүмкіндіктерін қарастыру тапсырылды. Сонымен қатар құрылыс материалдарымен, жұмыс күшімен және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, болашақ мамандарды даярлау мәселелері пысықталмақ.
Энергетика саласында жаңартылатын қуат көздерін дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Ербол Қарашөкеев өңірде Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы құны 742 миллиард теңге болатын, қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын жүргізіп жатқанын атап өтті. Жоба іске қосылғанда еліміздің энергетикалық әлеуетін арттыруға Жамбыл облысы да үлес қоспақ.
Бұдан бөлек, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірдегі әлеуметтік нысандарға деген қажеттілікті нақтылап, Үкіметке ұсыныстар енгізу міндеті қойылды. Құрылыс басқармасының дерегінше, соңғы бес жылда облыста 535 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Салаға жыл сайын орта есеппен 140 миллиард теңге бағытталады. Қазір жалпы құны 142,1 миллиард теңге болатын 128 дайын жоба бар.
Облыс әкімі құрылыс кезінде жергілікті өнім өндірушілерді қолдаудың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, әлеуметтік нысандарға қажетті материалдарды мүмкіндігінше өңір кәсіпорындарынан алу керек. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Сонымен қатар құрылысқа жергілікті тұрғындарды тарту мәселесіне басымдық берілуі тиіс.
Жол инфрақұрылымының сапасы да жиында көтерілді. Ербол Қарашөкеев 2027 жылға арналған жол жөндеу жоспарын алдын ала бекітіп, атқарылатын жұмыстарға қатаң бақылау орнатуды тапсырды. Кепілдік мерзімі кезінде анықталған кемшіліктер мердігерлердің есебінен жөнделуі қажет.
Актив отырысында бюджет қаражатын тиімді жұмсау, артық шығындарды қысқарту және қаржыны тұрғындарға нақты пайда әкелетін жобаларға бағыттау мәселелері де қаралды. Сондай-ақ ең төменгі жалақыны көтеру мен медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге қажетті қаржыны есептеп, 2027 жылғы бюджетке енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы саласында суармалы жер көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу, сүт-тауарлы фермалар мен агрологиялық орталықтар салу бағыттары бойынша арнайы жол картасы әзірленбек.
Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Жолдауда белгіленген міндеттердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын айтты. Оның сөзінше, әр тапсырма қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты нәтижемен бағалануы керек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар бекітілгеннен кейін Жамбыл облысында соған сәйкес өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленеді.

