Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен кезекті аппараттық кеңес өтті. Жиынға аудан әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары Дамира Сүгірбай, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кеңесте төрт өзекті мәселе талқыланды. Алдымен экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Светлана Абдужалиева 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджеттің орындалуы туралы баяндады. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 12,8 млрд теңгеге жетіп, 26 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілген.
Мұнан соң сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев, ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов және кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмас Әлімхожаев өз салалары бойынша есеп берді.
Қаржы бөлімінің басшысы Ерлан Рысқұлов бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасап, 2025 жылдың 31 мамырына дейін аудандық кірістер жоспары 100,3% орындалғанын мәлімдеді. Оның ішінде меншікті кірістер 840 млн теңгеге артық түскен. Сонымен қатар, республикалық трансферттер нақты түскеннен кейін ғана кассалық операцияларды жүзеге асыру керектігін еске салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы жер мәселелері болды. Бұл жөнінде құрылыс бөлімінің басшысы Е.Мендекеев, Масаншы ауылдық округінің әкімі Хусеин Буларов және Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанло баяндама жасап, қатысушылар сауалдарына жауап берді.
Үшінші мәселе – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының орындалу барысы мен көктемгі абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының нәтижелері. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ануар Абсеитов пен Қордай ауылдық округінің әкімі Әділет Қаспақбаев тиісті ақпарат ұсынды.
Әділет Қаспақбаевтың айтуынша, округ бойынша 8 апаттық күл-қоқыс орны анықталып, оның 3-еуі жойылған. Қалған орындарға ескерту белгілері орнатылып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 14 ақылы қоғамдық жұмысшы тазалық жұмыстарына тартылған. Белгіленбеген орындардан 11 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, Шу, Алматы, Қарасу бағыттарындағы жол бойлары тазартылған.
Кеңестегі соңғы мәселе – көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы. Бұл жөнінде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Арман Сихимбаев, сондай-ақ Масаншы мен Сортөбе ауылдық округтерінің әкімдері есеп берді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, олардың орындалуын жүйелі бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты.