Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Қордай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысты,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Сапар барысында депутат алдымен «AMANAT» партиясының Қордай аудандық филиалының мәжіліс залында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков, ауылшаруашылығы бөлімінің өкілі Алтынкүл Ағабаева, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаттары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Қабылдауда көтерілген негізгі мәселелер ауылшаруашылығы мен білім беру саласына қатысты болды. Гүлдара Алданышқызы тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, олардың бірқатарын депутаттық сауал ретінде Парламентке жолдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кейін депутат аудан орталығындағы «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан, әрқайсысы 60 пәтерден тұратын екі тұрғын үйдің құрылыс барысымен танысты. Құрылыстың қазіргі жағдайы туралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Елдос Мендекеев баяндама жасады.
Сапар Қарасу ауылында жалғасты. Мұнда халық қалаулысы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан 300 орындық жаңа білім ордасының құрылыс алаңын аралап шықты.
Гүлдара Нұрымованың бұл сапары аудан тұрғындарының әлеуметтік жағдайына назар аударып, шешімін күткен мәселелерді орталық деңгейде көтеруге бағытталды.