Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпарат алаңында Қаракемер ауылдық округінің әкімі Рашид Алыбаев округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Әкімнің айтуынша, округте бүгінде 4 083 тұрғын бар. Округте 1 пошта бөлімшесі, 1 АТС, 13 дүкен, 3 дәмхана, 1 мал сою орны, 6 мал бордақылау алаңы, мектеп, екі балабақша, ветеринариялық пункт, спорт кешені және кірпіш зауыты жұмыс істейді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 300 орындық жаңа білім ошағының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, биыл аудан әкімі Бегзат Болатбековтің бастамасымен округке газ құбыры тартылып, 583 үйге көгілдір отын жеткізілген.
Ауыл экономикасының басты бағыты – ауыл шаруашылығы. Қазір 200-ден астам жеке кәсіпкер мал шаруашылығымен айналысады. Округте 13 азық-түлік дүкені, мал сою және мал қалдықтарын өңдеу цехтары, кірпіш зауыты мен автокөлік жөндеу шеберханасы жұмыс істейді. Егін шаруашылығында 35 шаруа қожалығы бар. Олардың иелігінде 31 133 гектар жер болса, оның 3 967 гектары егістік, 108 гектары суармалы алқап, 26 607 гектары жайылым, 915 гектары шабындық жерлер.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 143 тұрғын 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дамытып келеді. Биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша үш кәсіпкер оқудан өтіп, оның біреуі 1,5 млн теңге көлемінде грант ұтып алған.
Денсаулық сақтау саласында Қаракемер ауылдық амбулаториясында 11 медициналық және 7 техникалық қызметкер еңбек етуде. Бұл нысан ауылдың белсенді азаматы, кәсіпкер Қ.Молдасейітовтің демеушілігімен салынған.
Округтегі ардагерлер кеңесі мен қоғамдастық ауыл әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауыл көшелері мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, жол бойындағы қурайлар шауылып, бағандар мен ағаштар әктелген.
2025 жылдың 7 айында жергілікті салықтардың барлық түрі – жер, мүлік, көлік, жеке табыс салығы -100 пайызға орындалған.