Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Қордай ауданына барып, агроөнеркәсіп кешені, әлеуметтік инфрақұрылым және денсаулық сақтау нысандарын аралап шықты,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.

Сапар барысында аймақ басшысы алдымен Масаншы ауылындағы «GreenWill» ЖШС жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 11 гектарды құрайтын шаруашылықтың 4 гектары жылыжайға арналған. Мұнда негізінен «Умагна F1» қызанағы мен қияр өсіріледі. Биыл бұл кешеннен 300 тоннаға дейін өнім жиналады деп күтілуде. Көкөністер аудан аумағындағы сауда орындарына жеткізіледі. Қазіргі таңда жылыжайда 20 адам тұрақты жұмыс істейді.

Кейін облыс әкімі «Щенхо» шаруа қожалығы аумағында салынып жатқан 1 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылыс барысымен танысты.

Сапар аясында Ербол Қарашөкеев Өтеген және Қайнар ауылдарындағы «Таң» және «Азиз» шаруа қожалықтарының пияз және қант қызылшасы егілген алқаптарын аралап, дихандармен кездесті.

Ал Сарыбұлақ ауылында облыс әкімі 250 гектар аумақта тамшылатып суару технологиясын енгізген «Нөсер» шаруа қожалығының жұмысын көрді.

Аграрлық сектор өкілдерімен өткен кездесуде суармалы судың тапшылығы басты мәселе ретінде көтерілді. Аймақ басшысы аудан әкімдігіне су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша кешенді тәсіл әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізудің және агроөнеркәсіп секторын цифрландырудың маңыздылығын атап өтті.

Қайнар ауылында 3 800 гектар аумақты қамтитын суару жүйесін кеңейту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында жылдық қуаты 5 млн текше метр болатын үш су сорғысы бар станция орнатылған. Сонымен бірге ұзындығы 8 шақырымды құрайтын қысымды су құбыры салынған. Бұл жүйе егістік алқаптарын тұрақты әрі үнемді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Облыс әкімі сондай-ақ білім беру саласына қатысты нысандардың құрылысымен де танысты. Қаракемер ауылында 300 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы аяқталған. Нысанды жаңа оқу жылына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал Қарасу ауылында дәл осындай мектептің құрылысы кестеден кешігуде. Ербол Қарашөкеев мердігер ұйым мен жауапты басқармаларға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, абаттандыру мен инженерлік желілерді тарту жұмыстарының барлығы қатаң бақылауда болу керектігін ескертті.

Сапар аясында облыс әкімі Сортөбе ауылындағы 200 адамға дейін қызмет көрсете алатын жаңа амбулаторияның жұмысымен де танысты.

Сапар соңында аймақ басшысы Гвардейск қалашығындағы «OtarBioPharm» биофармацевтикалық зауытына барып, зауыт қызметімен және Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының жетекші мамандарымен кездесті. Мамандар облыс әкіміне вакцинология, биоқорғаныс және биотехнология бағыттарындағы ғылыми жаңалықтарды таныстырды.

Ербол Қарашөкеев ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығы ел қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласының негізгі тірегі екенін атап өтіп, институт ұжымының жұмысына жоғары баға берді.