Қордай ауданында жаңа оқу жылының басталуына орай білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында кешенді зерделеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов жетекшілік еткен арнайы топ бірқатар мектептерді аралап, ондағы қауіпсіздік жүйесінің қазіргі жай-күйімен танысты. Тексеру барысында оқушылар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бағыттар назарға алынды.
Алдымен бейнебақылау жүйелерінің жұмыс істеу сапасы тексерілді. Камералардың саны мен орналасуы, жазба жүргізу мүмкіндіктері және мұрағаттау жүйесі қаралды. Көптеген мектептерде бұл жүйелер талапқа сай жұмыс істейтіні анықталса, кейбірінде техникалық жетілдіруді қажет ететін жайттар тіркелді.
Сонымен қатар, санитарлық жағдайға да ерекше мән берілді. Бірқатар білім ордаларында заманауи санитарлық тораптар орнатылғанымен, кей мектептерде сыртқы дәретханалардың қолданыста екені анықталды. Мұндай нысандарды жаңғырту қажеттігі айтылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі де басты назарға алынды. Оқушылардың мектепке қатынау жолдары, жаяу жүргіншілер өткелдері, бағдаршамдар мен жол белгілерінің жай-күйі зерделенді. Бұл бағытта жауапты органдармен бірлесіп шаралар атқарылатыны жеткізілді.
Мектептердің кіреберісіндегі бақылау жүйелері – турникеттер, күзет қызметі, кезекшілік ұйымдастыру және дабыл түймелерінің тиімділігі тексерілді. Қауіп төнген жағдайда шұғыл әрекет ету тетіктерінің дайындығына назар аударылды.
Зерделеу тобы мектеп маңындағы дүкендерді де қарады. Оқушыларға сатылмауы тиіс өнімдер – энергетикалық сусындар, темекі бұйымдары мен кейбір тәттілерге қатысты заңбұзушылықтар анықталып, тиісті шаралар қолданылды.
Жалпы тексеру нәтижесінде анықталған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны айтылды.
Ж.ОМАРОВ