Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтон қаласында өткен АҚШ Сауда палатасы жанындағы Қазақстан–Америка іскерлік кеңесінің (USKZBC) дөңгелек үстелінде америкалық бизнес өкілдеріне Қазақстанның инвестициялық және экономикалық әлеуетін таныстырды. Іс-шара Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы жиналысы қарсаңында ұйымдастырылды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жиынға АҚШ Сауда палатасының Таяу Шығыс, Түркия және Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси, сондай-ақ Chevron, Brownstein, Bechtel, ExxonMobil, Citi, Mastercard, Boeing, LanzaJet және басқа да жетекші америкалық корпорациялардың топ-менеджерлері қатысты.
Серік Жұманғарин кездесуге қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті. Қазіргі уақытта ел аумағында америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында Chevron, ExxonMobil, General Electric, Pfizer, Honeywell, Coca-Cola, PepsiCo және John Deere сияқты ірі компаниялар бар.
«Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел. Биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі $330 млрд-тан асады, бұл Орталық Азия экономикасының шамамен 60 пайызына тең. 2024 жылғы қорытынды бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ $14 мыңнан, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша $44 мыңнан асты. Орта мерзімді мақсат – 2029 жылға қарай ЖІӨ көлемін $450 млрд-қа жеткізу», – деді Вице-премьер.
Кездесу барысында мемлекеттік қаржының тұрақтылығы мен экономиканың өсу әлеуеті ерекше атап өтілді. Қазақстанның мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімнің 22,2 пайызына немесе $61 млрд-қа тең. Бұл көрсеткіш әлем елдерінің 78 пайызынан төмен деңгейде.
Соңғы жиырма жылда елге $400 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Оның ішінде инвестициялардың көп бөлігі өңдеу өнеркәсібі, қаржы және сақтандыру, құрылыс пен көлік секторларына бағытталған.
Қазақстан экономикасы үшінші жыл қатарынан 5 пайыздан жоғары тұрақты өсім көрсетіп келеді: 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%, ал биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша – 6,3%. Бұл – әлемдік деңгейдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Еліміздің несиелік рейтингі жетекші халықаралық агенттіктер тарапынан расталған. S&P және Fitch Қазақстанға инвестициялық рейтинг беріп, Moody’s агенттігі былтыр елдің рейтингін «Baa1» деңгейіне көтерген.
Серік Жұманғарин жылына 5–6 пайыздық тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге бағытталған жаңа экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарын таныстырды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешенде өнімді терең өңдеу, экспортқа бағытталған жоғары қосылған құнды өндірістерді дамыту және қаржылық даму институттары арқылы экономиканы әртараптандыру жоспарланып отыр.
Аталған бағыттардың жиынтық инвестициялық әлеуеті $100 млрд-тан асады. Сонымен қатар өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесін арттыру, қайта өңделген өнім көлемін көбейту және ел ішінде қосылған құн тізбегін кеңейту көзделіп отыр.
Өсудің қосымша бағыттары ретінде теміржол және автомобиль жасау, тыңайтқыш өндірісі, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, сирек кездесетін металдарды игеру және энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту атап өтілді.
«Ірі жобаларды іске асыру үшін біз халықаралық тәжірибесі бар жетекші компанияларды тартамыз. Бұл өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, адами капиталды дамытуға және Қазақстанның сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді», – деді Вице-премьер америкалық инвесторларға үндеуінде.
Анықтама:
АҚШ Сауда палатасы – 3 миллионнан астам компанияны, 3 мыңға жуық өңірлік сауда палатасын және 830 салалық қауымдастықты біріктіретін әлемдегі ең ірі бизнес қауымдастығы.
Қазақстан–Америка іскерлік кеңесі (USKZBC) АҚШ Сауда палатасы жанынан жұмыс істейді және Chevron, ExxonMobil, Fluor, General Electric, Apple, Bechtel, Boeing, Caterpillar, Citigroup, Mastercard, Halliburton, IBM секілді Қазақстанда жұмыс істейтін 27 компанияны біріктіреді.
2024 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы $4,2 млрд құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1%-ға жоғары. Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 30,7%-ға өсіп, $2,2 млрд-қа жетті.
Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында америкалық капиталдың қатысуымен 720-дан астам кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 20-сы ірі және орта компаниялар санатына жатады.