Қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында Қордай ауданының 10 елді мекеніне 18 «Сергек» жылдамдықты бақылау бейнекамерасы орнатылып, жүйеге толық қосылды, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Бейнебақылау камералары Қайнар, Сарыбұлақ, Қақпатас, Бетқайнар, Жамбыл, Степное, Әлжан ана, Қарасу, Өтеген және Масаншы ауылдарында орналасқан. Камера орнатылатын орындар жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін қауіпті учаскелерді ескере отырып, ауыл әкімдіктері мен аудандық полиция бөлімінің келісімі арқылы анықталған.
Қыс мезгілінің ортасына қарамастан аудан бойынша жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайсыз ауа райының салдарын азайту бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан көлемінде 13 бірлік арнайы техника қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына жұмылдырылған.
Сонымен қатар республикалық маңыздағы жолдарды күтіп-ұстау бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалы тарапынан қажетті техника мен инертті материалдар үздіксіз пайдаланылуда. Қолда бар қор көлемі: тұз – 1827 тонна, елеу (отсев) – 9600 тонна, химиялық реагент – 35 тонна.
Жолдарды күтіп-ұстау үшін КДМ техникасы – 16, грейдер – 3, шнекоротор – 2, МТЗ тракторы – 3, «Урал» вахталық автокөлігі – 1, «Газель» – 3, жеңіл автокөлік – 3 және тиегіш техника – 2 бірлік қызмет атқаруда. Барлық техникалар қысқы режимге бейімделіп, қажетті техникалық қызмет көрсетілген.
Мамандардың айтуынша, Қордай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қысқы кезең бойы қоғамдық қауіпсіздік пен инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету басты назарда қала бермек.

