Қордай ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен бірқатар ауылдық округтердің бас жоспарын қайта әзірлеуге арналған жиын өтті, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.

Кеңеске салалық бөлім басшылары, мердігер ұйымдар — «Интерайнс» және «LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиын барысында ауданның ұзақмерзімді дамуына негіз болатын ауылдық округтердің бас жоспарларын жаңарту мәселесі қаралды. Аталған құжат елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Аудан әкімінің орынбасары бас жоспарды әзірлеу кезінде экологиялық талаптарға ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, құжатта жасыл аймақтарды сақтау, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету бағытындағы шаралар жан-жақты қамтылуы тиіс.

Сонымен қатар, бас жоспар ауылдық округтердің экономикалық дамуына серпін беріп, әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беретіні айтылды.

Жиында ауылдардағы экологиялық жағдайға қатысты өзекті мәселелер де көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланды. Ұсынылған жобалар мен бастамалар әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға және ауданның орнықты дамуына бағытталған.

Кездесу соңында қатысушылар жоспарланған жұмыстардың нәтижелі жүзеге асатынына сенім білдірді. Аудан әкімдігі алдағы уақытта тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, бас жоспарды кезең-кезеңімен іске асыруды көздеп отыр.