«Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетінің редакциясы жанындағы баспасөз орталығында өткен брифингте Степной ауылдық округінің әкімі Мадияр Қарабаев округтің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі, «Қордай шамшырағы – Кордайский маяк» газетіне сілтеме жасап.

Жыл басындағы алғашқы брифинг барысында округ басшысы ауылдық аймақтың қазіргі ахуалы, атқарылған жұмыстар және алдағы даму бағыттары жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Әкімнің айтуынша, Степной ауылдық округі аудан орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан. Жалпы аумағы 10 763 гектарды құрайтын округке Степной, Арал және Қалғұты елді мекендері кіреді.

Округ экономикасының негізгі тірегі — ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы. Бүгінде округте 3 368 бас ірі қара, 19 699 бас ұсақ мал, 356 жылқы және 6 143 құс тіркелген. Мал шаруашылығы тұрғындардың негізгі табыс көзі болып отыр. Әкімнің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі жыл сайын артып, бұл ауыл халқының әлеуметтік жағдайына оң әсерін тигізуде.

Санитарлық тазалық мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жыл басынан бері қаңғыбас иттерді азайту мақсатында бір мәрте рейд ұйымдастырылып, нәтижесінде 13 бас ит жойылған. Бұл шаралар елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған.

Инфрақұрылымды дамыту аясында 2025 жылы бірқатар нақты жобалар жүзеге асырылған. Атап айтқанда, Степной, Арал және Қалғұты ауылдарында балалар ойын алаңдары салынған. Жаңа нысандар балалардың қауіпсіз демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Газбен қамту деңгейі де кезең-кезеңімен жақсарып келеді. Қазіргі таңда Степной ауылында газдандыру деңгейі — 94 пайыз, Арал ауылында — 90 пайыз, Қалғұты ауылында — 86 пайыз. Степной ауылындағы 669 үйдің 629-ына газ тартылған, Арал ауылында 204 үйдің 184-і, Қалғұты ауылында 186 үйдің 160-ы табиғи газбен қамтылған.

Ауыз сумен қамту «Қордай-су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының балансында. Үш елді мекен де тәулік бойы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Степной ауылында 669 тұрғын үй су жүйесіне қосылған, оның 648-інде есептегіш құрал бар. Арал және Қалғұты ауылдарындағы барлық үйлер толық есептегіш құралдармен қамтылған.

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше мән берілуде. Әкімнің айтуынша, округте шағын кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу көзделіп отыр. Бұл бағытта тұрғындарға кәсіпкерлік негіздерін үйрету және бизнесті жүргізу бойынша кеңес беру жұмыстары жүргізілмек.

Сонымен қатар, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде жол жөндеу, су және электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Бұл шаралар әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және ауыл тұрғындарының күнделікті тұрмысын жеңілдетуге бағытталған.

Брифинг барысында Мадияр Қарабаев әлеуметтік желілер арқылы жолданған сауалдарға да жауап берді. Оның айтуынша, тұрғындармен ашық диалог орнату және азаматтардың пікірін ескеру — жергілікті атқарушы билік үшін маңызды басымдықтардың бірі.

Жиын соңында округ басшысы Степной ауылдық округі алдағы уақытта да тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолымен алға басатынына сенім білдірді.