Қордай ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аудандық Аналар кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынға Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай төрағалық етті, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Жамбыл облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали, Қордай аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева және кеңес мүшелері қатысты.
Отырыста Аналар кеңесінің қызмет бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, отбасы құндылықтарын сақтау, ұрпақ тәрбиесіндегі ананың рөлін күшейту, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне назар аударылды.
Сонымен қатар, алдағы жұмыс жоспары қаралып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешу, рухани-адамгершілік тәрбие беру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарға басымдық беру қажеттігі айтылды.
Жиын ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар аталған бағыттар бойынша нақты ұсыныстарын білдірді.

