Ауданда «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен аудандық полиция бөлімі бірлесіп, иесіз және бос тұрған көп қабатты ғимараттарды тексеру жұмыстарын ұйымдастырды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі

Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылып жатқан «Qorgan» жобасы шеңберінде өтті. Негізгі мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындар мен жастардың қауіпсіздігін күшейту.

Зерделеу барысында мамандар ғимараттардың техникалық жағдайын қарап, қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейін бағалады. Қауіпті аймақтар мен ықтимал тәуекелдер анықталды.

Сонымен қатар, тексеріс кезінде бос ғимараттардың қабырғаларындағы граффити жазбаларын тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл шара нысандардың сыртқы көрінісін ретке келтіріп, жастар арасында заңға құрмет мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті арттырып, құқық бұзушылыққа әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.