Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы басталды — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Бұл шара Наурызнама онкүндігінің Тазару күнімен тұспа-тұс ұйымдастырылып, су көздерін, бұлақтарды, өзен-көлдер мен теңіз жағалауларын қоқыстан тазалауды, жастардың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етеді.
Акцияға еліміздің барлық мектеп оқушылары, колледж студенттері мен ерікті жастар қатысуда. Олар бұлақ көзін ашып, абаттандыру, жағалауларды тұрмыстық қалдықтардан тазалау және табиғатты аялауға бағытталған іс-шараларға белсенді қатысуда.
Маңғыстау облысының студенттері де Каспий теңізінің жағалауында акцияға атсалысып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын атап өтті.
Айта кетейік, алдағы бір ай ішінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.

