Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Таза Қазақстан тұжырымдамасы аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Шара Наурызнама онкүндігінің Тазару күнімен тұспа-тұс келіп, республикалық бастаманың мәнін одан әрі айшықтады. Іс-шараны Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі өткізді.
Акцияның басты мақсаты – табиғи су көздерін қорғау, бұлақтар мен өзен-көлдерді қоқыстан тазалау, сондай-ақ жастардың бойында табиғатқа жанашырлық пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы Жалғызтал бұлағының көзін ашып, аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Іске өңір жастары белсенді атсалысты. Әсіресе, министрліктің бастамасымен Жамбыл облысында алғаш рет құрылған «Болашақтың қайнары» еріктілер қозғалысы ерекше белсенділік танытты. Қозғалысқа Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің студенттері қосылып, табиғатты қорғау ісіне үлес қосты.
Нұржан Нұржігітов өз сөзінде еріктілердің қоғамдағы рөлін атап өтті. Оның айтуынша, «Болашақтың қайнары» – еліміздегі су саласына арналған алғашқы еріктілер қозғалысы. Жамбыл өңірінде басталуы университеттің Тараз қаласында ашылуымен байланысты. Алдағы уақытта бұл бастама республика көлемінде жалғасады.
Өңір басшысы бұлақтың көзін ашуды ата-бабадан жеткен асыл аманат деп бағалады:
– Қазақта «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген дана сөз бар. Бұлақ – тіршіліктің бастауы, өмірдің нәрі. Оның мөлдір суы – табиғаттың бізге тарту еткен ең асыл сыйы. Сондықтан бұлақтың көзін ашып, айналасын ретке келтіру – әрбір азаматтың ортақ парызы, – деді Ербол Қарашөкеев.
Шара барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркімбек Солтыбаев ақ батасын берді. Сондай-ақ Бекболат Орынбеков пен су саласының ардагері Берік Нұралиев акцияның қоғам мен жастар тәрбиесіндегі маңызына ерекше тоқталды.
Айта кетейік, «Мөлдір бұлақ» акциясы Жамбыл облысының барлық аудандарында жалғасып, кең көлемде өткізілді.

