Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «The National Interest» журналында жарияланған мақаласында Қазақстанның жаңа Конституциясы – кемелденген, жаңарған және ел болашағына нық сеніммен қарауға мүмкіндік беретін құжат екенін атап өтті — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Мақалада еліміздің саяси трансформацияның маңызды кезеңіне қадам басқаны көрсетілген. Тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде мұндай ауқымды реформа бұрын-соңды болмаған. Соңғы жылдары өткізілген үшінші жалпыұлттық референдум ел азаматтарының саяси шешімдерге белсенді қатысуға дайын екенін көрсетті.
Референдумға дауыс беруге құқығы бар халықтың 73,12 пайызы қатысты, ал Конституциялық өзгерістерді қолдағандар 87,15 пайыз болды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
«Азаматтарымыз мақұлдаған жаңа Конституция халықтың әділ әрі құқықтық мемлекетте өмір сүруге деген талабын айқындайды. Заң мен тәртіп, адамның құқықтары мен бостандықтарына құрмет, қоғамды жаңғырту қағидаттары құжатқа енгізілді. Сондай-ақ білім, ғылым, мәдениет пен технологияны дамытуға, экологиялық сана мен волонтерлікті, отаншылдық құндылықтарды насихаттауға басымдық бердік. Ең бастысы, Қазақстанның зайырлы мемлекет екені айқын жазылды», – деді Қ.Тоқаев.
Президент жаңа Конституцияның жас буынның үмітін ақтауға бағытталғанын, өскелең ұрпаққа бағдар, темірқазық болатынын айтты. Ата заң алты ай бойы қоғам талқысынан өтіп, Конституциялық комиссия құрамына кірген 129 азамат қоғам атынан өкілдік еткен. 12 мыңға жуық ұсыныс сараланып, әр сөйлем мұқият дайындалды.
Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сай стратегиялық мақсатты іске асыруға негіз болады. Сонымен қатар Президент квотасын алып тастау арқылы заң шығарушы биліктің дербестігін күшейтуді, бір палаталы парламентке көшу заң шығаруды жылдамдатып, жауапкершілікті арттыруды көздейтінін атап өтті.
Халық кеңесінің құрылуы азаматтардың мемлекеттік істерге қатысуын кеңейтіп, қоғамдық диалогты жандандырады. Институционалдық реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, басшы кадрларды тұрақты жаңартуға мүмкіндік береді. Вице-президент лауазымының енгізілуі, мемлекеттік тұлғалардың қызмет мерзімі мен құзыретін шектеу – ел басқару жүйесінің кемелденгенін көрсетеді.
Жаңа Конституцияның өзегі – адам. Ата заңда адамның құқықтары мен бостандықтары алғаш рет басты орынға қойылды. Жеке деректердің қорғалуы, тұрғын үйден айырылмау құқығы, сот жүйесінің тәуелсіздігі – бәрі Конституциямен бекітілді. Кез келген өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асады.
Сонымен қатар құжат экономикалық дамуға жол ашып, меншік құқығын қорғауды күшейтеді, зияткерлік меншік саласын реттейді, инновация мен индустрияны дамытуға құқықтық негіз қалайды. «Қарқынды дамитын қала» режимі енгізіліп, цифрлық экономика мен инвестициялық ахуалды жақсарту көзделген.
Қазақстан шетелдік инвестиция тартуда Орталық Азияда көш бастап келеді. Ел цифрлық үкіметті дамытып, инновацияға негізделген экономика құру бағытында реформаларды жүзеге асыруда. Президенттің айтуынша, еліміз отыз жылда әлемнің дамыған 50 экономикасының қатарына кірді, цифрлық үкімет көрсеткіші бойынша жаһандағы үздік 30 елдің ішінде.
«Бізде табиғи ресурстар жеткілікті, ғарыштық технологиялар мен білімді азаматтар бар. Қазақстан дамыған, ашық экономикасы мен жаһандық серіктестері бар мемлекетке айналды», – деді Қ.Тоқаев.
1995 жылғы Конституция елдің тұғырын бекемдеген болса, жаңа Ата заң қоғамның жаңғыруына, келешекке бет бұруына қызмет етеді. Бұдан былай 15 наурыз – Конституция күні ретінде атап өтіледі. Президенттің сөзінше, бұл қадам әділдік пен технологиялық прогресті ілгерілетіп, жауапты жаһандық серіктестікті қолдайтын мемлекеттің негізін қалайды.

