Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдап, елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесу барысында елордада негізгі экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталып отырғаны айтылды. Биылғы алғашқы төрт айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 588 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға артқан. Инвестициялардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, көлік, сауда және логистика салаларындағы жобаларға бағытталған.

Сонымен қатар қала әкімі Жеңіс Қасымбек Астанадағы әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы мен тұрғын үй алаптарын абаттандыру жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, соңғы жылдары елордада 44 мектеп бой көтерген. Ал жаңа оқу жылында тағы 12 білім беру нысаны пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, 2 оқушылар сарайы мен 6 балабақша ашу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар қолға алынған. 2028 жылға дейін 2 перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және диагностикалық кешеннің құрылысын аяқтау көзделіп отыр.

Кездесуде сондай-ақ қаланың инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымы мен Smart City жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде ақпарат берілді. Қоғамдық көлік жүйесіне қатысты Astana LRT жеңіл рельсті желісі толық іске қосылғаны айтылып, жобаның екінші кезеңі пысықталып жатқаны нақтыланды.

Алдағы жоспарларға сәйкес, 2026 жылы 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру және 1,1 миллион түп ағаш отырғызу көзделген.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы қала әкімі Жеңіс Қасымбектің атқарған жұмысын оң бағалап, елорданы одан әрі дамыту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.