Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің тапсырмалары аясында Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған экономиканы ары қарай ырықтандыру, бәсекелестікті дамыту, тауар және цифрлық нарықтағы кедергілерді жою, сондай-ақ денсаулық сақтау, байланыс, электр энергетикасы мен табиғи монополиялар саласындағы реттеуді жетілдіру міндеттері талқыланды.
Комиссия Мемлекет басшысының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының орындалуын қарады. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді нарыққа шығару мерзімін 3–5 жылдан 100 жұмыс күніне дейін қысқарту мәселесі басты назарда болды. Денсаулық сақтау министрлігі препараттарды тіркеу мен сараптамадан өткізудің негізгі кезеңдерін біріктіретін «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша композиттік мемлекеттік қызметті енгізуде. Бұл халыққа инновациялық медициналық қызметке қол жеткізуді кеңейтіп, технологияларды жеткізу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, деректерді Сәйкестендіру кодтарының базасына енгізу үшін мобильді құрылғыларды верификациялау мәселесі қаралды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев телекоммуникация нарығы мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға арналған заң жобасы шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Заңнама арқылы верификация рәсімін бекіту тіркеу жүйесінің тұрақтылығын және цифрлық инфрақұрылымның сенімді жұмысын қамтамасыз етеді.
Жиында электрондық құжат айналымы жүйелерін дамыту және цифрлық салада бәсекелестік ортаны қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да талқыланды. Инвестиция тарту, жаңа қуаттарды іске қосу, тарифтерді теңестіру, электр энергиясын бірыңғай сатып алушы жүйесі мен теміржолдағы кіреберіс жолдардағы мәселелер де қаралды.
Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдар мен ведомстволарға нақты тапсырмалар берді:
- Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік тізілімін жаңартып, нормативтік талаптарды мерзімді өзектендіруді қамтамасыз етсін.
- Ұлттық экономика министрлігі бағалар мен тарифтерді қалыптастыру еркіндігін шектейтін нормаларды алып тастап, жекешелендіру объектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін Жол карталарын бекітсін; электр энергиясы мен коммуналдық қызметтерге қайталама субсидиялаудың күшін жою мерзімдерін синхрондасын.
- Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьютор тізіміне енгізу және амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыруды жеделдетсін.
- Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мобильді құрылғыларды верификациялау бойынша заңнамалық түзетулерді қабылдап, электрондық құжат айналымына қатысушыларды іріктеу рәсімдерін жетілдірсін.
- Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополия субъектілерін дербес айқындауға заңнамалық түзетулер енгізсін.
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ БҚДА-мен бірлесіп, қордың сатып алу тәсілдерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырсын.
Осы шаралар экономиканы ашық әрі әділ етуге, нарықтағы бәсекелестікті арттыруға және кәсіпкерлер үшін тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

