Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық экономиканы дамыту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселесіне тоқталды. Президенттің айтуынша, ендігі міндет – цифрлық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмей, азаматтардың жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» Ақорданың ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымның қалыптасқанын, интернеттің қолжетімді екенін және жастардың білімді әрі шығармашыл екенін атап өтті. Бүгінде азаматтар үйден шықпай-ақ бірнеше минутта банк шотын ашып, бөліп төлеу рәсімдеп немесе қажетті тауарын сатып ала алады. Сондай-ақ қазақстандықтар маркетплейстерді, тамақ жеткізу мен такси шақыру сервистерін және түрлі банктік қызметтерді күнделікті пайдаланады.

Президенттің пікірінше, Қазақстан цифрлық қызметтерді дамытуда бірқатар озық елдің алдын орап отыр. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Жасанды интеллектіні коммерцияландыру, активтерді токенизациялау, блокчейн технологиялары мен цифрлық платформаларды дамытуда әлі де атқарылатын жұмыс көп.

«Бізде шын мәнінде жоғары өнімді цифрлық экономиканың дамуына тың серпін беруге қажетті жағдайдың бәрі бар. Келесі кезеңде цифрландыру қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуден азаматтардың жеке мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталуы керек. Алдымызда тұрған міндеттерге басқа қырынан қарап, жұмыс тәсілімізді өзгерту қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы интернет тек ақпарат тұтыну мен көңіл көтеретін орта ретінде қабылданбауы керектігін айтты. Оның орнына желі еңбек етуге, жаңа идеяларды жүзеге асыруға және табыс табуға мүмкіндік беретін кеңістікке айналуы тиіс. Президент смартфондарды уақыт өткізетін құрал ғана емес, тиімді жұмыс істеуге арналған мүмкіндік ретінде пайдалануға шақырды.

Осыған байланысты Үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың жеңілдетілген құқықтық режимін қалыптастыру міндеті жүктелді. Бұл бастама азаматтардың цифрлық ортада жұмыс істеуіне және жаңа мүмкіндіктерді кеңінен пайдалануына жол ашуға бағытталған.