Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға және озық тәжірибелерді еліміздің барлық өңіріне таратуға басымдық беру қажеттігін айтты. Президент инвесторларға қолдау көрсетіп, заманауи өндіріс орындарын ашуға, сондай-ақ мал шаруашылығындағы тиімді жобаларды дамытуға назар аударды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz».
Президенттің сөзінше, елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған табысты жобалар бар. Мәселен, Қызылорда облысында шаруалар климаттың қолайсыздығына қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оларды өңдеумен айналысады. Ал Түркістан облысында қытайлық компания суды үнемдейтін заманауи мақта-тоқыма кластерін құрып жатыр.
«Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақтылы қолдау көрсетуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заманауи технологиялар мен тиімді өндіріс тәсілдерін мал шаруашылығында да кеңінен қолдану керектігін атап өтті. Оның айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде елімізде 71 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған. Бұл шаруашылықтар жыл сайын 462 мың тоннадан астам сүт өндіреді.
Сонымен қатар Ақмола облысында шетелдік озық тәжірибеге сүйенген ет кластері құрылып жатыр. Президент осындай жобаларды қолдаудың маңызын атап өтіп, қажетті жағдайда оларды қаржыландыру мәселесін де қарастыруды тапсырды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, заманауи өндіріс орындарын көбейту және мал шаруашылығындағы ірі жобаларды дамыту отандық өнімнің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстарға инвестиция тарту мен озық технологияларды енгізу маңызды рөл атқарады.

