Қазақстан Үкіметі Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімді мақұлдады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Құжат ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасындағы жобаны жүзеге асыруға бағытталған. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Жобаның жалпы құны 70 млрд теңге болып, ол 2026–2028 жылдары іске асырылатын болады. Зауыт кемінде 160 тұрақты жұмыс орнын құрып, ел ішінде ағаш өңдеуді дамытуға, дайын өнім өндірісін арттыруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Өндірістік қуаты жылына шамамен 600 текше метр ағаш-жаңқалы плиталар (ДСП) және 20 млн шаршы метр ламинацияланған ағаш-жаңқалы плиталар (ЛДСП) көлемінде жоспарланған.
Келісім қазақстандық өндірушілердің тауарлары, шикізаты, жұмысы мен қызметтерін міндетті түрде қолдануды қарастырады. Инвестор дайын өнімнің кемінде 50%-ын ішкі нарыққа шығарады. Жоба қуаттың 80%-ына жеткеннен кейін отандық дайын өнім экспорты жылына 60 мың текше метрге дейін артады.
Сонымен қатар, жобада өңірді әлеуметтік қолдау, қызметкерлерді үздіксіз оқыту және олардың біліктілігін арттыру бойынша міндеттемелер бекітілген.
Жобаны іске асыру Қазақстандағы ағаш өңдеу саласының дамуына, жергілікті мазмұнды арттыруға, жұмыспен қамтуды көбейтуге және өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін нығайтуға серпін береді.

