Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барып, агроөнеркәсіп нысандарының құрылысымен танысып, шаруалармен кездесті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесуде өңірдегі ауыл шаруашылығының ахуалы мен өзекті мәселелер талқыланды. Облыс құрылғаннан бері инвесторлардың қатысуымен 3 млрд теңгеге 4 жоба іске асқан. Қазір агроөнеркәсіп кластерін қалыптастыру және Жезқазғанда сүт фермасын салу бағытында жаңа жобалар қолға алынған.

Биылдан бастап мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несие беру тетіктері енгізіліп жатыр. Соның ішінде жайылымдарды тиімді игеруге бағытталған «Жайлау» бағдарламасы іске қосылмақ. Бұл жоба су тарту, жылжымалы қондырғылар алу сияқты шығындарды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Шаруалар тарапынан техникаға қызмет көрсету, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және егістікті киіктен қорғау мәселелері көтерілді. Вице-премьер тиісті министрліктерге сервистік орталықтар ашу, техника қолжетімділігін арттыру және қорғаныс шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сапар барысында Серік Жұманғарин өңірдегі агрокешендердің жұмысымен танысты. Биыл 500 гектар алқапта суару жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту және сүт фермаларын салу көзделген.

Аймақтағы алғашқы көтерме-тарату орталығының құрылысы да аяқталуға жақын. Сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс сақтауға арналған нысанды осы жылдың күзінде іске қосу жоспарланып отыр.

Үкімет өңірдегі ауыл шаруашылығы мен бизнесті дамытуға қолдауды жалғастыра бермек.