Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысы бұл марапаттау рәсімі тарихи сапар аясында өтіп жатқанына тоқталып, мұның қазақ тарапы үшін зор мәртебе екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Ухнаагийн Хурэлсухты өз халқын алға бастап келе жатқан білікті саясаткер ретінде бағалайтынын жеткізді. Ол Моңғолия басшысының елді дамыту жолындағы еңбегіне жоғары баға беріп, оның бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалардың ел экономикасына оң әсер етіп отырғанын айтты. Сондай-ақ Моңғолияның халықаралық беделі артып келе жатқанына назар аударды.
Президент екі ел арасындағы қарым-қатынас шынайы достық пен өзара құрметке негізделгенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұрын үкімет басшысы болған кезеңінде де Ухнаагийн Хурэлсух екіжақты экономикалық байланыстарды дамытуға үлес қосқан, ал қазір мемлекет басшысы ретінде бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастырып отыр.
Тоқаевтың сөзінше, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген. Қол жеткізілген жаңа келісімдер екі ел арасындағы достықты одан әрі нығайта түспек.
Мемлекет басшысы қазіргі күрделі халықаралық жағдайда ынтымақтастықты күшейтудің маңызы ерекше екенін де атап өтті.
– Бұл марапат – қазақ халқының Моңғолия Президентіне және бауырлас моңғол еліне деген ерекше құрметінің белгісі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Ухнаагийн Хурэлсух көрсетілген жоғары марапат үшін алғыс айтып, Қазақстанмен достық қатынасты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

