Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммит аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Грузия Президенті Михаил Кавелашвилимен кездесу өткізді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Кездесуде екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыстардың қазіргі жағдайы мен болашақ даму бағыттары жан-жақты қаралды.

Мемлекет басшысы Грузияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы сенімді әрі маңызды серіктесі ретінде атап өтіп, ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді. Тараптар өзара қарым-қатынастың соңғы жылдары қарқын алғанына назар аударып, сауда-экономикалық байланысты кеңейтудің маңызын айтты.

Сонымен қатар, бірлескен инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, іскерлік байланыстарды дамыту, сондай-ақ екі елдің көлік-транзиттік мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері сөз болды.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Михаил Кавелашвили жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.