Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Орталық Азия, Кавказ елдерінің басшылары, сондай-ақ БҰҰ өкілдері мен бірқатар халықаралық ұйым жетекшілері баяндама жасады. Жиында тұрақты даму, экологиялық қауіпсіздік және өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл жиынның Жер күнімен тұспа-тұс келуін ерекше атап өтіп, экологияны қорғау – бүгінгі ғана емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін айтты. Оның пікірінше, экология мәселесі тек табиғатты сақтау емес, ол – таза ауа, сапалы су, азық-түлік қауіпсіздігі және қоғам тұрақтылығының негізі.

Президент қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси ахуал экологиялық бастамалардың да баяулауына әсер етіп отырғанын айтып, БҰҰ-ның жаһандық диалог алаңы ретіндегі рөлін ерекше бағалады. Сонымен бірге халықаралық құқық қағидаттарын бұрмаламай, оларды тұтас күйінде сақтау қажеттігін ескертті.

Тоқаев экологиялық саясатта «таңдаулыларға басымдық беру» қағидаты әділетсіз екенін айтып, дамушы елдердің де мүддесі ескерілуі тиіс екенін жеткізді. Оның сөзінше, жасыл экономикаға көшу әділ әрі теңгерімді жүзеге асуы қажет.

Президент Қазақстанның экологиялық бағыттағы нақты қадамдарына тоқталды. Соның ішінде жаңартылатын энергия үлесін арттыру, су ресурстарын тиімді басқару, жерді қалпына келтіру және биоалуантүрлілікті сақтау шаралары аталды. Елдің 2030 жылға қарай «жасыл энергия» үлесін 15 пайыздан асыру жоспары бар екені айтылды.

Сондай-ақ Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелері, Каспийді қорғау бастамалары және өңірлік су қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Президент су ресурстарын басқаруда халықаралық ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өтті.

Экологиялық саясаттағы тағы бір бағыт ретінде «Таза Қазақстан» қозғалысы айтылып, оған миллиондаған азаматтың қатысуы қоғамдағы экологиялық сананың артып келе жатқанын көрсетті.

Сөз соңында Мемлекет басшысы жерді қорғау – ортақ міндет екенін айтып, саммитте қабылданатын шешімдер өңірлік экологиялық әріптестікті жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.