Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Қожа Ахмет Ясауи атындағы жоғары мемлекеттік орденмен марапаттады. Мемлекет басшысы түрік көшбасшысының елін дамуға бастап келе жатқан беделді саясаткер екенін ерекше атап өтті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Салтанатты кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанның реформалары Түркияны тұрақты даму жолына шығарып, елдің халықаралық беделін арттырғанын айтты. Президенттің пікірінше, Түркия басшысы жаһандық саясатта әділдік пен жауапкершілікті берік ұстанып жүрген ықпалды тұлға. Сондай-ақ ол Түркі әлемі мен ислам өркениеті арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегін жоғары бағалады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияны терең тарихи тамыр мен рухани байланыс біріктіретінін айтып, екі елдің қарым-қатынасы бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін жеткізді. Оның айтуынша, Түркістан – түркі дүниесінің рухани орталығы, ал Қожа Ахмет Ясауи мұрасы ортақ мәдени құндылық ретінде ерекше орын алады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының қалыптасуы мен дамуына Түркия Президентінің қосқан үлесін де атап өтті. Сонымен бірге ТҮРКСОЙ, Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы, Түркі академиясы және өзге де түркі құрылымдарының жұмысы жандана түскенін айтты.

Салтанат барысында Президент Қожа Ахмет Ясауи атындағы орденнің мемлекеттік наградалар қатарына қосылғанын еске салды. Бұл марапат Қазақстанға және шетелге елеулі үлес қосқан ғылым, қоғам және мемлекет қайраткерлеріне берілмек. Осы орденнің алғашқы иегері ретінде Режеп Тайип Ердоған таңдалған.

Түркия Президенті өз кезегінде бұл марапатты үлкен құрмет ретінде қабылдайтынын айтып, Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық пен достықты нығайтуға бағытталған ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.