Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі жағдайы мен азық-түлік инфляциясы мәселесі қаралды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында 2026 жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7 пайыз болғаны айтылды. Жылдық инфляцияның қарқыны бәсеңдеп, 11,3 пайызға дейін төмендеген (2025 жылдың желтоқсанында – 13,5%, қаңтарда – 12,9%, ақпанда – 12,7%, наурызда – 11,7%).

Ресми дерекке сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі қатарынан үшінші апта 0 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Бағаның тұрақтануына Астана, Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ бірқатар өңірлердің үлесі тиген. Атап айтқанда, Түркістан облысы мен Алматы облысында төмендеу байқалса, Ақмола облысында да баға аздап тұрақтанған.

Кей өнім түрлері арзандаған. Мысалы, қызанақ бағасы 25,6 пайызға, қырыққабат 18,7 пайызға төмендеген. Сондай-ақ күнбағыс майы, балық, қарақұмық пен ұн бағасында да төмендеу тіркелген. Дегенмен кейбір көкөніс түрлері қымбаттаған: пияз – 28,6%, сәбіз – 15,7%, картоп – 10,4%. Мамандар жаңа өнім нарыққа толық шыққан сайын баға тұрақталады деп болжайды.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл «Жасыл дәліз» тетігі арқылы және импорттық өнім жеткізу есебінен қамтамасыз етілген. КТЖ Express арқылы көрші елдерден шамамен 20 мың тонна картоп, 10 мың тонна сәбіз, 6 мың тоннадан астам пияз және 22 мың тонна қырыққабат жеткізілген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының мәліметінше, Түркістан облысында ерте піскен қырыққабатты жинау жалғасып жатыр. 22 мамырдағы жағдай бойынша жоспарланған 263,6 мың тоннаның 158,6 мың тоннасы жиналған.

Биылғы жоспар бойынша 221,1 мың тонна картоп, 58,8 мың тонна пияз және 34,7 мың тонна сәбіз жинау көзделіп отыр. Негізгі өнім көлемі Түркістан облысына тиесілі, оған Алматы және Жамбыл облыстары да үлес қосады.

Сонымен қатар өнім жеткізу тізбегіндегі делдалдарды азайту және нарықтағы жүйені реттеу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалып, 400-ден астам көтерме жеткізуші жауапкершілікке тартылған. Бағаны негізсіз өсіру фактілері тұрақты бақылауда тұр.

Айжан Бижанова цифрлық талдау нәтижелері бойынша жыл басынан бері 17 мыңнан астам электронды шот-фактура зерделеніп, 2,5 мыңға жуық заң бұзушылық тәуекелі анықталғанын да атап өтті.

Жиын соңында Серік Жұманғарин бақылауды күшейтуді, оңтүстік өңірлермен ерте өнім бойынша келісімшарттарды жалғастыруды және өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.