Жамбыл облысында аудандық аурухана медициналық көмек көрсету барысында жіберілген заңбұзушылықтардан кейін жағдайы нашарлаған пациентке өтемақы төлеуге міндеттелді, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.
Оқиға Жамбыл облысының тұрғыны жүктіліктің 10-аптасында аудандық ауруханаға «ерте токсикоз» диагнозымен түскен сәттен басталған. Сот материалдарына сәйкес, науқасқа медициналық көмек толық көлемде және клиникалық хаттамаларға сай көрсетілмеген.
Кейін ол ауруханадан ерте шығарылғаннан соң жағдайы күрт нашарлап, облыстық ауруханаға шұғыл жеткізілген. Дәрігерлердің шешімі бойынша медициналық көрсеткіштерге байланысты жүктілікті тоқтатуға тура келген. Одан кейін әйелге ІІІ топтағы мүгедектік тағайындалған.
Тексеру барысында медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, клиникалық хаттамалардың сақталмауы, тексерулер мен ем көлемінің жеткіліксіздігі, бейінді мамандардың тартылмауы және медициналық құжаттаманың дұрыс жүргізілмеуі тіркелген. Соның нәтижесінде ауруханаға әкімшілік шара қолданылып, бір дәрігер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Сот істі қарау барысында заңбұзушылықтар мен пациенттің жағдайының нашарлауы арасында тікелей байланыс бар деген қорытындыға келген.
Сот шешімімен ауруханадан жәбірленушінің пайдасына 246 мың теңге материалдық шығын, 5 миллион теңге моральдық өтемақы және 300 мың теңге өкілдік шығын өндірілді. Шешім заңды күшіне енген.

