Мемлекет басшысының электр энергетикасы саласын әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Үкімет Қазақстанның 2035 жылға дейінгі гидроэнергетика саласын дамыту жоспарын бекітті, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат еліміздің гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану бағытындағы ұзақмерзімді жұмыстарды жүйелеуге арналған.

Жоспар аясында болашақ гидроэнергетикалық нысандарды іске асыру кезінде су ресурстарының мүмкіндігі, электр жүйесінің қажеттілігі, техникалық жағдай, экологиялық талаптар және инвестиция тарту мәселелері ескерілмек.

Құжатта алты негізгі бағыт бойынша 30 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде өзендердің су қоры мен энергетикалық мүмкіндігін бағалау, жоспарланған жобалар бойынша бірыңғай деректер базасын қалыптастыру, жер телімдерін дайындау, гидроэлектр стансалары мен гидроаккумуляциялық стансалар жобаларын дамыту, сондай-ақ мамандар даярлау және ғылыми-техникалық қолдау бағыттары бар.

Зерттеу жұмыстары болашақ нысандар үшін қолайлы орындарды анықтауға, олардың негізгі параметрлерін белгілеуге және қоршаған ортаға ықтимал әсерін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтер мемлекеттік органдар мен инвесторлар үшін қолжетімді цифрлық платформада біріктіріледі.

Жоспарға сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін гидроэнергетика саласында кемінде 500 МВт жаңа қуат іске қосу көзделген. Сонымен қатар гидроаккумуляциялық электр стансаларын салу мәселесіне де басымдық берілмек.

Жаңа энергетикалық нысандардың іске қосылуы өңірлерді тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етуге және елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің сенімділігін арттыруға ықпал етеді. Жобаларды таңдау кезінде су ресурстары мен табиғатты қорғау талаптары басты назарда болады.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!