Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы қаралды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Жиында ұлттық жобаның орындалуы, инженерлік желілерді жаңарту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Отырыста Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерінің өкілдері, «Бәйтерек» холдингінің басшылығы және бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2026-2029 жылдары инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 13 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Ал биыл 12 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуге 1,1 трлн теңге бағыттау көзделген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, 2029 жылға дейін кәріз-тазарту нысандарын салу және қайта жаңарту бойынша 45 жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілер тізімін кеңейту және Smart Turmys тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының цифрлық платформасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Энергетика саласында 2029 жылға дейін 77,5 мың шақырым электр желісі мен 1,6 мың шақырым жылу желісін жаңғырту жоспарланған. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 67 пайыздан 45 пайызға дейін, ал жылу желілерінің тозуын 50 пайыздан 42 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта «Бәйтерек» холдингі арқылы жалпы құны 625 млрд теңге болатын 318 жоба қаржыландырылған. Премьер-министр ұлттық жоба аясындағы қаржыландыру тетіктерін тиімді пайдаланып, бюджетке қосымша салмақ түсірмей ұзақмерзімді инвестиция тарту маңызды екенін атап өтті.

Олжас Бектенов кейбір өңірлерде жұмыс қарқыны төмен екенін айтып, ұлттық жобада белгіленген міндеттерді уақытылы орындауды тапсырды. Оның сөзінше, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтау ғана емес, оны арттыру қажет.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Қажетті нормативтік база қабылданды, инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалды. Енді өңірлердегі жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажет», — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша екі апта ішінде тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ жыл соңына дейін барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын аяқтау міндеті қойылды.

Әкімдер 2027 жылға жоспарланған жобалар бойынша ұлттық жобаның электрондық платформасына өтінімдерді 1 қыркүйекке дейін енгізіп, барлық келісу және конкурс рәсімдерін 1 желтоқсанға дейін аяқтауы тиіс.

Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне инфрақұрылымдық жобалардың жобалау-сметалық құжаттамасына сараптама жүргізуді жеделдету тапсырылды. Ал Өнеркәсіп және Энергетика министрліктері Smart Turmys бірыңғай цифрлық платформасын енгізу жұмыстарын күшейтуі керек.

Сондай-ақ 1 қыркүйекке дейін коммуналдық ресурстарды есепке алу құралдары мен бағдарламалық қамтамасыз етуге арналған бірыңғай стандарттарды қабылдау міндеті қойылды.

«Бәйтерек» холдингіне жыл соңына дейін барлық жоспарланған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Әрбір басшы ұлттық жобаның нақты көрсеткіштеріне қол жеткізуге және барлық іс-шараның уақытылы орындалуына жауапты. Барлық мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет», — деді Олжас Бектенов.

Тапсырмалардың орындалуын бақылау және үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!