Қазақстанда экономикалық өсімді жеделдету жөніндегі штабтың кезекті отырысында мұнай өндіру көлемінің уақытша төмендеуіне қарамастан, экономиканың қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік беретін негізгі салалар талқыланды, — деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және ауыл шаруашылығы ел экономикасының басты қозғаушы күштері ретінде қарастырылды.

Құрылыс саласы жоғары өсім көрсетіп келеді. Жеті айдың қорытындысында бұл бағыттағы жұмыстар көлемін одан әрі арттыру жоспарланған. Әсіресе Ұлытау, Абай және Қызылорда облыстарында жоғары көрсеткішке қол жеткізу күтіледі.

Өңдеу өнеркәсібінде де оң үрдіс байқалады. Өндіріс көлемі 9,8 пайызға артқан. Бұл өсімге машина жасау, химия өнеркәсібі, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп салалары елеулі үлес қосқан. Алдағы жеті айдың қорытындысында да осы қарқын сақталады деген болжам бар.

Сауда саласында да өсім жалғасып отыр. Биылғы алғашқы жартыжылдықта тауар айналымы 36,2 триллион теңгеге жетсе, нақты көлем индексі 105,7 пайызды құрады. Осыған байланысты өңірлерде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған Сауданы дамытудың жол картасын орындау тапсырылды.

Көлік саласында жалпы тасымал көлемі артқанымен, мұнай мен газ тасымалының азаюы өсімге әсер етіп отырғаны айтылды. Осыған орай Серік Жұманғарин теміржол және автомобиль бағыттарындағы транзиттік әлеуетті тиімді пайдалануды тапсырды.

Ауыл шаруашылығында да тұрақты өсім сақталып отыр. Егін жинау науқаны, мал шаруашылығын қолдау және агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген қаржыландыру саланың дамуына серпін бермек. Сонымен қатар жеңілдетілген несие арқылы салынған тауарлы сүт фермалары өндіріс көлемінің артуына ықпал етіп келеді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта елде 1,9 миллион тонна сүт өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 2,4 пайызға өсті.

Жиынды қорытындылаған Серік Жұманғарин елімізде ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз ететін ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жалғасатынын айтты. Оның сөзінше, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын көпірлер, жол өткелдері, негізгі көлік магистральдары, энергетика, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандардың сапалы жобаларына ерекше назар аударылуы тиіс. Сондай-ақ жыл сайын іске асырылатын жобалардың көлемін ұлғайту маңызды екені атап өтілді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!