Қордай ауылындағы бірқатар көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір бірнеше көшеге асфальт төселсе, тағы үш көшені жөндеу жоспарланған, деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық порталы.

Қордай ауылында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Елді мекендегі бірнеше көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, қазіргі таңда асфальт төсеу жұмыстары атқарылуда.

Жөндеу жұмыстары Жеңістің елу жылдығы, Аңырақай, Қазыбек би, Қонаев, Шу, Жамбыл, Қордай, Батыс және Бәйдібек көшелерінде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, Жібек жолы, Байзақов және Панфилов көшелерін де қалыпқа келтіру жоспарланған.

«Құрылыс Темір-Бетон» ЖШС қызметкері Асылжан Бегалының айтуынша, қазіргі таңда Қазыбек би көшесінде жұмыс жүріп жатыр. Оның сөзінше, мұнда 300 метрден астам жолға асфальт төселеді.

«Қазыбек би көшесінде 300-ден аса метр асфальт төселіп жатыр. Жұмысқа тоғыз адам жұмылдырылған. Сонымен қатар қажетті техника тартылған», – деді Асылжан Бегалы.

Жауапты мамандардың мәліметінше, жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес ай соңына дейін аяқталуы тиіс.

Жолдың жаңаруы ауыл тұрғындарының да көңілінен шығып отыр. Қазыбек би көшесінің тұрғыны Тимур Нурилов жолдың бірнеше жылдан бері жөнделмегенін айтады.

«Бұл жолдың жөнделмегеніне көп жыл болды. Қазір асфальт төселіп жатқанына қуаныштымыз. Жолдың жағдайы тұрғындар үшін өте маңызды», – дейді ауыл тұрғыны.

Ауыл ішіндегі жолдардың жөнделуі тұрғындардың қатынауын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!