«ҚАЗАҚСТАНДА ЖАСАЛҒАН» ТАҢБАСЫ ЕНДІ САПАНЫҢ ДА ӨЛШЕМІНЕ АЙНАЛУЫ ТИІС
Қазақстанда отандық өнімге деген көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Ендігі міндет – өндіріс көлемін арттырумен ғана шектелмей, шикізат пен қажетті бөлшектерден бастап дайын өнімге дейінгі толық өндіріс тізбегін ел ішінде қалыптастыру. Осы бағытта отандық тауар өндірушілерді қолдауға басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды «Kordai 24 News» ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының отандық өндірісті күшейту жөніндегі тапсырмалары да осы мақсатқа бағытталған. Мемлекеттік қолдау кәсіпкерлерге өндірісін кеңейтуге, жаңа өнім түрлерін игеруге, инвестиция салуға және тұрақты нарық табуға мүмкіндік беретін жағдай жасауға бағытталып келеді.
Бұл бағытта нақты нәтижелер де бар. 2024 жылдан 2026 жылдың тамызына дейін «Даму» қоры арқылы өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға қолдау көрсетілген. Осы жобалар бойынша берілген несие көлемі 2,2 трлн теңгені құрады. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры 2024-2026 жылдары 153 отандық тауар өндірушіге 943 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
Сонымен қатар Қазақстанда өндірістің өзін дамытуға басымдық беріліп отыр. Бірқатар салада кәсіпорындар қарапайым құрастырудан өнімді тереңірек өңдеуге және қажетті бөлшектерді ел ішінде шығаруға көшуде. Мәселен, автомобиль өнеркәсібінің жекелеген бағыттарында жергілікті қамту үлесі 40 пайызға жеткен. Ал Wabtec локомотив зауытында бұл көрсеткіш 45 пайызды құрайды.
Елімізде автокомпоненттер, теміржол техникасы, ауыл шаруашылығы машиналары, арнайы техника, металлургия және химия өнімдерін шығару бағыттары да дамып келеді.
Өндірісті өркендетуде кооперацияның да маңызы зор. Ірі кәсіпорындардың айналасында қазақстандық компаниялар көбейіп, олар қажетті бөлшектерді шығарып, жөндеу, қызмет көрсету және логистика жұмыстарын атқаруы қажет. Мұндай тәсіл бір ғана зауыттың емес, тұтас өндірістік жүйенің дамуына мүмкіндік береді.
Бұған «Өрлеу» бағдарламасын мысал етуге болады. 2025 жылы осы бағдарлама аясында 2 278 жобаға 588 млрд теңге көлемінде қаржы берілген. Ал 2026 жылы «Іскер аймақ» бағдарламасына 24 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат өңірлердегі шамамен 5 мың жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді.
Дегенмен өндірісті қолдаудың нәтижесін тек бөлінген қаржы мен іске қосылған бағдарламалардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңызды көрсеткіш – Қазақстанда қанша бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп жатқаны.
«Қазақстанда жасалған» деген жазу тұтынушыны отандық тауарды тек шыққан жері үшін таңдауға шақыратын белгі болмауы керек. Қазақстандық өнім сапасы, бағасы, технологиясы және жауапкершілігі арқылы сатып алушының сеніміне ие болғаны маңызды.
Егер елде өндірісті тереңдетуге, кәсіпорындарды жаңғыртуға және өндірістік кооперацияны дамытуға жүйелі түрде мән берілсе, бұл экономиканың құрылымына да әсер етеді.
Шын мәніндегі мықты «Қазақстанда жасалған» белгісінің артында тек отандық өнім емес, қазақстандық технология, маман, жеткізуші, инвестиция және ел ішінде жасалған қосылған құн тұруы тиіс.
