Қордай ауданында интернет-алаяқтық деректері көбейіп келеді. Жыл басынан бері аудандық полиция бөліміне киберқылмысқа қатысты 18 арыз тіркелген. Құзырлы орган өкілдері тұрғындарды онлайн қылмыскерлердің түрлі айласына сақ болуға шақырады.
Полиция қызметкерлернің мәліметінше, алаяқтар көбіне өздерін банк қызметкері, ұялы байланыс операторы немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырады. Кей жағдайда азаматтарға жалған инвестициялық жобалар ұсынып, оңай табыс табу мүмкіндігін ұсынып, уәде береді. Сондай-ақ әлеуметтік желілер мен онлайн сауда платформалары арқылы тауар сатып алмақ болған тұрғындардың да ақшасын жымқыру деректері де жиі кездеседі.
Қордай аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Кәден Жақсылықтың айтуынша, биыл тіркелген қылмыстардың арасында азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу фактілері бар.
«Қазіргі таңда киберқылмысқа қатысты, аудан бойынша 18 дерек тіркелген. Оның ішінде банк қызметкері ретінде танысып, алаяқтық жолмен несие рәсімдегендер бар. Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларға қатысып, несие рәсімдеп, белгісіз тұлғалардың есепшотына ақша аударған азаматтар да кездеседі. Instagram, OLX және басқа да желілер арқылы тауар сатып алуға ақша жіберіп, кейін тауарын ала алмай қалғандар да бар», – дейді Кәден Жақсылық.
Құзырлы орган өкілдері мәселенің алдын алу бойынша 93 кездесуі өткізген. Іс-шаралар мектептерде, ауруханаларда, мемлекеттік мекемелерде, мешіттер мен шіркеулерде, сондай-ақ кәсіпорындарда ұйымдастырылған. Кездесулер барысында тұрғындарға жалған банк қызметкерлерінің қоңырауы, инвестициялық алаяқтық, азаматтардың атына онлайн несие рәсімдеу және әлеуметтік желілер арқылы жасалатын қылмыстар туралы түсіндірілген.
Мамандардың айтуынша, интернет алаяқтарынан қорғанудың ең тиімді жолы – жеке мәліметтерді бөгде адамға бермеу. Азаматтар күмәнді сілтемелерге өтпеуі, SMS арқылы келетін кодтарды ешкімге айтпауы және банк қосымшаларындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет.
Полиция өкілі азаматтарға eGov арқылы өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салу қызметін қосуды да ұсынды. Бұл қызметті пайдаланған азаматтың атына жаңа кредит рәсімдеуге шектеу қойылады.
Айта кетейік, банк картасын немесе жеке есепшотын үшінші тұлғаға берген азаматтарға да заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан мамандар тұрғындарды оңай табыс туралы ұсыныстарға сене бермеуге және банк шоттары мен жеке деректерін бөтен адамдардың пайдалануына жол бермеуге шақырады.
Нұрбақыт Мұсатиллаұлы

