Қарасу ауылындағы оқушылар енді бір ауысымда білім алады. Бұған дейін елді мекендегі мектептің сыйымдылығы жетіспегендіктен, шәкірттер үш ауысыммен оқып келген. Мәселе 2025 жылдың қарашасында жаңа мектептің пайдалануға берілуімен шешілді.

Қарасу ауылында төрт мыңнан астам тұрғын бар. Халық санының өсуі мен оқушылар қатарының артуына байланысты білім ордасында үш ауысымды оқу жүйесі қалыптасқан. 2023 жылы бұл мәселені шешу мақсатында «Келешек мектептері» жобасы аясында жаңа мектептің құрылысы басталды. Үш жүз оқушыға арналған білім ошағы 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілді. Қазір мұнда үш жүзге жуық бала білім алып жатыр.

Мектеп директоры Ринат Тұрғанбайдың айтуынша, «Келешек мектептері» жобасының негізгі мақсаты – ауыл мен қала оқушыларына бірдей жағдай жасау.

«Келешек мектептері» желісінің басты ерекшелігі – ауыл мен қала балаларын теңестіру. Бұл мектептердің материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде. Қазір үш жүз орынға арналған мектебімізде үш жүзге жуық бала бір ауысымда білім алып жатыр. Өткен оқу жылында алғашқы түлектерімізді шығарып салдық», – дейді мектеп директоры.

Жаңа білім ордасында оқушыларға қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Мұнда 28 оқу кабинеті, 80 орындық мәжіліс залы, асхана, кітапхана және спортзал бар. Сонымен қатар STEM, робототехника және компьютер сыныптары жұмыс істейді.

Оқушылардың шығармашылық және зерттеушілік қабілетін дамытуға арналған коворкинг орталығы, үш шеберхана мен үш ғылыми зертхана да қарастырылған.

Бір ауысымды оқу жүйесінің енгізілуі балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берген. Түстен кейін мектепте түрлі үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді.

«Бір ауысымды оқу жүйесінің артықшылығы – түстен кейін оқушыларды қосымша үйірмелермен қамтуға мүмкіндік бар. Мектепте робототехника, асық ату, ұлттық ойындар, футбол, волейбол және баскетбол секциялары жүргізіледі», – дейді Ринат Тұрғанбай.

Айта кетейік, 2026 жылы өңірде тағы 11 жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Жаңа білім ошақтарының бой көтеруі мектептердегі орын тапшылығын азайтып, оқушыларға қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз!