Масанчи ауылында бір топ белсенді жас тұрғындарға қолдау көрсетіп, түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысып жүр. 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Масанчи ауылының жастары» ұйымы қайырымдылық пен қоғамдық бастамаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді.
Ұйым мүшелері ауылдағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешу үшін ортақ қаражат жинап, оны ел игілігіне жұмсайды. Бастама пандемия кезінде қолға алынған. Сол уақытта жастар тұрғындарға дәрі-дәрмек жеткізіп, медициналық препараттар мен оттегі баллондарын әкелуге көмектескен.
«Алғашында дәрі-дәрмек жеткізу, түрлі медициналық препараттармен қамтамасыз ету, оттегі баллондарын әкелу сияқты жұмыстармен айналыстық. Содан бері жұмысымызды жалғастырып келеміз. Ауылдағы мәселелерді қолымыздан келгенше шешуге тырысамыз», – дейді «Масанчи ауылының жастары» тобының төрағасы Алим Малиев.
Жастардың бастамасымен ауылдағы жергілікті зират та абаттандырылған. Мұнда екі жарым мыңнан астам ағаш пен көшет отырғызылған. Сонымен қатар жерлеу рәсімдерін ұйымдастыру кезінде тұрғындарға көмектесу үшін экскаватор сатып алынған.
Ауылдағы өрт қауіпсіздігіне қатысты мәселе де назардан тыс қалмаған. Бұған дейін өрт болған жағдайда аудан орталығынан арнайы техника келгенше біраз уақыт қажет болатын. Осыны ескерген жастар су таситын көлік сатып алып, оны жөндеп, төтенше жағдай кезінде пайдалану үшін әзір еткен.
Ұйым мүшелері ауылдағы қоғамдық көлік мәселесіне де үлес қосқан. Балаларды тасымалдау үшін екі автобус сатып алынған. Бұдан бөлек, белсенді жастар Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында мектеп алдына жаңа Мемлекеттік Ту орнатқан.

