Қаракемер ауылында тұрғындар мен кәсіпкерлердің бірлескен бастамасымен жаңа наубайхана іске қосылмақ. Жобаға 200-ге жуық ауыл тұрғыны мен бірнеше кәсіпкер атсалысып, ортақ іске 20 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған.
Наубайхана ашуға қажетті ғимарат аудан әкімдігінің қолдауымен аукцион арқылы алынған. Бұрын амбулатория болған нысан бүгінде толық жаңғыртылып, өндірістік орынға айналған. Ғимаратқа қажетті құрал-жабдықтар орнатылып, табиғи газ тартылған.
Жеке кәсіпкер Асланбек Абданбаевтың айтуынша, ауылда наубайхананың болмауы жаңа істі қолға алуға түрткі болған.
Біздің төңірегімізде наубайхана мүлдем жоқ. Сол себепті өз ауылымызда ыстық нан болғанын қаладық. Ауыл азаматтарымен бірігіп, осы ғимаратты салдық. Шамамен 20 миллион теңге қаражат жиналып, қажетті құрал-жабдықтың барлығы орнатылды. Қазір газ жүргізу жұмыстары аяқталып келеді. Жақын арада нан шығара бастаймыз, – дейді кәсіпкер.
Жаңа өндіріс орны тәулігіне 2 мыңға дейін нан өндіруге қауқарлы. Наубайхана іске қосылған соң онға жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жергілікті тұрғындар да жаңа кәсіптің ашылуын ауыл үшін маңызды жаңалық деп бағалап отыр.
Ақылдасқан ел азбайды, кеңескен ел тозбайды» деген дана сөз бар. Ауылдан шыққан үш азаматтың бастамасы мен елдің қолдауының арқасында ауылымыздың төрінде осындай наубайхана бой көтеріп отыр. Оның үстіне бірнеше тұрғын жұмыспен қамтылатын болды, – дейді Қаракемер ауылының тұрғыны Нұрлыбек Нұралиев.
Кәсіпкерлер бұған дейін қараусыз қалған бұрынғы амбулатория ғимаратын да тиімді пайдаланған. Қазір нысанның бір бөлігінде тігін цехы мен шағын кәуапхана жұмыс істеп тұр.
Жаңа наубайхананың іске қосылуы ауыл тұрғындарын сапалы әрі жаңа піскен нанмен қамтамасыз етіп қана қоймай, жергілікті жерде жұмыс орындарының көбеюіне де мүмкіндік бермек.

