Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесуде азаматтар тұрғын үй, жер, жол және әлеуметтік мәселелерін көтеріп, олардың шешілуіне қатысты жауап алды.
Қабылдауға келгендердің бірі – бес баланың анасы Нұрсанат Омарова. Ол тұрғын үй мәселесі бойынша көмек сұраған. Айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұрған кезде отбасылы болған. Қазір жолдасымен ажырасқан, бес баласымен баспанасыз қалған.
Тұрғын үй мәселесіне өте мұқтаж болып тұрмын. Кезекке тұрған кезде жолдасым бар еді. Қазір жолдасыммен ажырасып кеткеніме тоғыз ай болды. Бес балам бар. Бұған дейін үйіміз болған, бірақ ол жолдасымның үйі еді. Қазір өзімізде баспана жоқ, – дейді Нұрсанат Омарова.
Аудан әкімі азаматқа тұрғын үй беру тәртібі заң талаптарына сәйкес жүзеге асатынын түсіндірді. Оның айтуынша, тұрғын үй кезегі келген жағдайда азаматқа тиісті тәртіппен баспана ұсынылады.
Кезегіңіз келгенде Отбасы банк арқылы үй аласыз. Заң талабына сәйкес, кезек тәртібі сақталады. Кезегіңіз келмей тұрып бізде үй беруге құқық жоқ. Үй берілген жағдайда газ бен электр энергиясын тұтынуға келісімшарт жасалып, мемлекетке белгіленген мөлшерде жалдау ақысы төленеді, – деді Бегзат Болатбеков.
Қабылдау кезінде Қаракемер ауылының бір топ тұрғыны да өз ұсыныстарын жеткізді. Ауыл ақсақалдары жеке мәселемен емес, елдің ортақ жағдайын жақсартуға қатысты бастамалармен келген.
Тұрғындар ауылда ерікті өрт сөндіру жасағын құруды жоспарлап отырғандарын айтты. Қажетті құрал-жабдықтарды демеушілер есебінен сатып алып, оларды сақтайтын нысан салмақ. Осы мақсатта қойма орналастыруға жер телімін бөлу мәселесін көтерді.
Сонымен қатар ауылда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына қоғамдық бақылау орнатуға ниетті екендерін білдірді. Жол бойындағы су арналарының жағдайын да назардан тыс қалдырмауды сұрады.
Аудан әкімі тұрғындардың мұндай бастамаларын қолдайтынын айтып, құрылыс нысандарына қоғамдық бақылау жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Кез келген құрылыс нысанына тұрғындар тарапынан өтініш білдіріп, бірге қарауға болады. Өйткені оған қомақты қаражат бөлініп жатыр. Мысалы, осы жолдың өзіне бір миллиардқа жуық теңге қарастырылған. Оның сапалы болғаны бәрімізге тиімді. Сондықтан тұрғындардың барып, жұмыстың барысын бақылап, жанашырлық танытуына қарсылығым жоқ, – деді аудан әкімі.
Кездесуде көтерілген мәселелер тиісті хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы жауапты бөлімдерге тапсырылды. Аудан әкімі азаматтардың әрбір өтініші жеке бақылауда болатынын айтты.

