Қордай ауданындағы қиыршық тас өндіретін ең ірі карьер Қарасу ауылдық округінде орналасқан. Жалпы аумағы 229 гектарды алып жатқан өндіріс орны 1964 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

Мұнда цемент өндіруге қажетті тау жыныстары мен жол құрылысына пайдаланылатын қиыршық тас өндіріледі. Дайын өнім жергілікті кәсіпорындарға және көршілес Қырғызстанға жөнелтіледі.

Қазір карьерде бұрғылау және өндіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен арнайы қондырғымен тау жынысына ұңғымалар бұрғыланады. Одан кейін жару жұмыстары атқарылып, кен өндіруге кіріседі.

Карьер басшысы Николай Созыкиннің айтуынша, өндірісте бұрғылау жұмыстарына ЭБШ-250 қондырғысы пайдаланылады. Жару жұмыстарын келісімшарт негізінде Шымкент қаласынан келген арнайы компания атқарады. Өндіріс барысында негізгі техникалардан бөлек, қосалқы көліктер де қолданылады.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты бір ауысымда 10 мың тоннаға дейін кен өндіруге мүмкіндік береді. Қазір мұнда 106 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.

Кәсіпорын ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлес қосып келеді. Қарасу ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, компания тұрғындарға құрылысқа қажетті қиыршық тасты тегін беріп, түрлі әлеуметтік бастамаларға қаржылай қолдау көрсетеді.

«Мектепке жол» акциясына да жыл сайын қатысып, ауылдағы бірқатар жұмыстардың атқарылуына өз үлесін қосып келеді.

Бүгінде өндіріс орны жылына 1 миллион тоннадан астам өнім шығарады. Мамандардың айтуынша, кәсіпорын нарықтағы сұранысқа қарай жұмыс көлемін арттыруға дайын. Қазіргі өндірістік мүмкіндік жылына 1,6 миллион тоннаға дейін өнім өндіруге жетеді.