Қордай ауданының Әлжан ана ауылынан шыққан сегіз жасар Мансұр Өзбекбай небәрі он айдың ішінде спортта елеулі жетістікке жетіп үлгерді. Жас спортшы республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдеге ілігіп, Азия біріншілігінде топ жарған. Қазір оның қоржынында тоғыз белбеу бар,-деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агентігі.
Мансұр ММА спортында 35 келі салмақта бақ сынайды. Спортпен айналысуды бастағанына бір жылға да толмағанына қарамастан, ол бірнеше жарыста жеңімпаз атанып үлгерген. Жас спортшы алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруды көздейді.
– Мен ММА спортымен айналысамын. Бапкерім – Марат ағай. Спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Мені көкем спортқа алып келді. Алдағы жарыстарда көк туымды желбіреткім келеді. Шавкат Рахмонов ағамыз сияқты UFC чемпионы болғым келеді, – дейді Мансұр.
Жас спортшы отбасындағы үш ұлдың үлкені. Әкесі Расул Ешмұхановтың айтуынша, баласының спортқа бейімі ерте байқалған. Өзі де жастайынан спортпен айналысқан әке ұлын бапкерге беріп, оның қабілетін шыңдауға жағдай жасаған.
– Мансұр кішкентайынан спортқа бейім болды. Марат ағайға алып барғанымызға бір жылдай уақыт болды. Осы аралықта жетістіктері жақсы. Жақында Дағыстанға барып, бірінші орын алып келді. Спортқа жақын болған соң, баламыздан үлкен үміт күтіп отырмыз. Қазақтың көк туын желбіретеді деп сенеміз, – дейді спортшының әкесі.
Мансұрдың бапкері – Марат Мамышев. Ол қырық жылға жуық уақыттан бері жас спортшыларды жаттықтырып келеді. Мамандардың айтуынша, жас спортшының басты ерекшелігі – жаттығуда көрсетілген әдіс-тәсілді жылдам меңгеріп, оны жарыс кезінде тиімді қолдана білуі.
– Бала алғаш келгеннен-ақ байқалады. Еті тірі, айтқанды тез қағып алады. Бірақ үйренгенін қолдана білуі маңызды. Мансұрдың бойында сондай Алланың берген таланты бар. Он айдың ішінде тактикалық жағынан да кәдімгідей өсті. Физикалық дайындығы, тактикасы, жарылғыш күші және моральдық дайындығы жақсарды. Бала өте тез қабылдайды,– дейді Марат Мамышев.
Қазір жас спортшы мен оның бапкері алдағы ел біріншілігіне дайындалып жатыр. Жарысқа дейінгі жаттығу жоспары күшейтіліп, Мансұрдың физикалық және тактикалық дайындығына басымдық берілуде.
Сегіз жасар чемпионның арманы – халықаралық аренада ел намысын қорғап, көк Туды биікке көтеру. Ал алғашқы он айдағы нәтижесі оның бұл мақсатқа қарай нық қадам басып келе жатқанын көрсетеді.

