Қордай ауданында жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Емен саябағында өткен шарада мектеп формасы мен оқу құралдары нарықтағы бағадан төмен құнмен сатылды.

Жәрмеңке  аудан әкімдігінің мұрындық болуымен өтті. Сауда орындарында оқушыларға қажетті киім-кешек, кеңсе тауарлары және өзге де оқу құралдары ұсынылды. Кейбір тауарларға 15, 30 және 50 пайызға дейін жеңілдік жасалған.

Жәрмеңкеге екі жылдан бері қатысып жүрген саудагерлердің бірі – Надежда Пузикова. Оның айтуынша, мұндай шаралар ата-аналар үшін тиімді мүмкіндік.

– Үш жылдан бері саудамен айналысамыз. Осындай жәрмеңкеге қатысып жүргенімізге екі жыл болды. Игі шараға қатысуға мүмкіндік берген әкімдікке алғыс айтамыз. Бір жағынан тауарымызды сатып, екінші жағынан ата-аналарға көмектесіп жатқанымызға қуаныштымыз. Тауарларды жеңілдікпен, төмен бағамен ұсынып жатырмыз. Бұл ата-аналар үшін қолайлы мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді саудагер.

Жәрмеңкеге Қордай ауданының әр елді мекенінен тұрғындар келген. Жаңа оқу жылына дайындалып жүрген ата-аналар балаларын ертіп келіп, қажетті киім мен оқу құралдарын сатып алған.

Қақпатас ауылынан келген тұрғындардың бірі жәрмеңкедегі бағаның базарға қарағанда тиімді болғанын айтты.

– Базарға қарағанда бағасы әлдеқайда арзан екен. Қажетті заттардың барлығын алдым. Киім-кешек, мектепке керек қаламсап сияқты оқу құралдарын да түгелдей сатып алдым, – дейді тұрғын.

Тағы бір тұрғын жәрмеңкеге әкімдік өкілдерінің шақыруымен келгенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

– Әкімдіктен шақырды. Демеушілерге рақмет. Бағалары арзан екен. Қызыма қажетті заттарды алып бердім, – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жаңа оқу жылына дайындалып жатқан отбасыларға қолдау көрсету және мектепке қажетті тауарларды қолжетімді бағамен ұсыну.