Қордай ауданында спорт саласының бүгінгі ахуалы мен өзекті мәселелері талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұлдың  төрағалығымен өткен жиында бұқаралық  спортты дамыту, жасөспірімдердің қауіпсіздігі және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселелеріне басымдық берілді.

Қазір ауданда 372 спорт нысаны жұмыс істейді. Спортпен жүйелі түрде айналысатын тұрғындар саны 67 мыңнан асады. Сонымен қатар он мыңға жуық бала спорттық үйірмелер мен секцияларға қатысады.

Жыл басынан бері ауданда 200-ден астам спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 20 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Жиында осы көрсеткіштермен қатар, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін спорт мектептері мен жаттықтырушылардың жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.

Мамандардың пікірінше, жаттықтырушы баламен күнделікті жұмыс істейтіндіктен, оның мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқай алады.

–  Жаттықтырушы – баламен күнде байланыста болатын адамдардың бірі. Сондықтан кейбір жағдайды ата-анадан бұрын байқап қалуымыз мүмкін. Біздің қағидамыз қарапайым: байқау, тыңдау, сөйлесу, қажет болса хабарлау және бірге шешу. Бірақ баламен сөйлескенде оны көпшіліктің алдында ұялтып немесе қорқытпай, жеке сөйлесіп, жағдайын түсінуге тырысуымыз керек, – дейді №18 спорт мектебінің директоры Дулат Бердияров.

Жиында спортшыларды аудандық және одан жоғары деңгейдегі жарыстарға тасымалдау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жарыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау мәселелері де көтерілді.

Жыл басынан бері Қордай спортшылары облыстық жарыстарда 124, республикалық додаларда 21, халықаралық бәсекелерде 8 медаль жеңіп алған. Осылайша аудан спортшыларының қоржыны биыл 153 жүлдемен толыққан.

Жиын соңында қатысушылар спорт саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды.