Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Қазір Қордай ауданында ата-аналар балаларын мектепке дайындап, қажетті киім-кешек пен оқу құралдарын сатып алып жатыр. Базарда сауда қызған. Бір оқушыны мектепке толық дайындауға ата-аналар бірнеше ондаған мың теңгеден жүз мың теңгеден астам қаржы жұмсайды, – деп хабарлайды «Korday24news.kz» ақпараттық агенттігі.
Қордайлық тұрғындар арасында «ескі базар» аталып кеткен сауда орнында да адам қарасы қалың. Мектеп жасындағы балаларын ерткен ата-аналар сөмке, мектеп формасы, спорттық киім мен кеңсе тауарларын алып жүр.
Төрт баласы да мектепте оқитын Светлана Ходжалепесованың айтуынша, биыл қажетті заттардың бағасы аса қымбаттамаған.
– Төрт балам бар, төртеуі де мектепке барады. Бағасы аса қымбат емес, қолжетімді. Қажетті заттардың бәрін алып жатырмыз. Менің есебім бойынша, бір балаға шамамен 150 мың теңге жұмсалды, – дейді көпбалалы ана.
Базардағы бағаға келсек, мектепке арналған көйлек пен сөмкелердің құны 5 мың теңгеден басталады. Спорттық киімдер мен костюм-шалбар 10-12 мың теңгеден жоғары. Ал дәптердің бағасы шамамен 25 теңге болса, қаламсаптар 50-100 теңге аралығында сатылып жатыр.
Жалпы, бір оқушының оқу құралдарына 10-12 мың теңге, ал киім-кешегіне кемінде 50 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады. Саудагерлердің айтуынша, биылғы баға өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгермеген.
– Үш-төрт жылдан бері сауда жасап келемін. Қыздарға арналған мектеп формаларының бағасы былтырғы деңгейде, айтарлықтай өсім жоқ. Кофта 3,5 мың теңгеден басталады, одан арзаны да бар. Костюм-шалбарлар 15-17 мың теңге шамасында, сапасына қарай 20 мың теңгеге дейін барады. Қазір саудамыз жақсы, клиенттер көп. Жыл сайын келіп, қажетті заттарын алып жатады, – дейді сатушы Зуля Сейтмуратова.
Жаңа оқу жылына дайындық кезінде әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға да қолдау көрсетіледі. Өңірде 38 мыңнан астам оқушыға мектепке қажетті заттарды сатып алуға қаржылай көмек беру жоспарланған.
Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 23 миллиард теңге бөлініп, әр балаға шамамен 66 мың 600 теңгеден төленеді. Қаражат мектеп формасын, аяқ киім және оқу құралдарын сатып алуға жұмсалады.

