Қордай ауданында қазақ күресіне қызығушылық артып келеді. Қазір ауданда 200-ден астам жас ұлттық күреспен тұрақты айналысады. Олардың басым бөлігі Сарыбұлақ ауылдық округіндегі спорт кешенінде жаттығады. Жас балуандар облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлдеден көрініп жүр.
Сарыбұлақтағы қазақ күресінің өзіндік тарихы бар. Ұлттық спорттың ауылда кең қанат жаюына ардагер жаттықтырушы Мықтыбек Алтыбайдың еңбегі зор. Ол 2010 жылы жергілікті мектептің спорт залында қазақ күресінен үйірме ашып, балаларды жаттықтыра бастаған. Ал 2022 жылы ауылда жаңа спорт кешенінің бой көтеруі жас балуандардың дайындығына жаңа мүмкіндік берген.
Бүгінде Сарыбұлақтағы спорт кешенінде жүзден астам бала қазақ күресімен шұғылданады.
– Қазіргі таңда Қордай ауданында 200-ден аса спортшы қазақ күресімен айналысады. Соның жүзден астамы Сарыбұлақ ауылдық округіндегі спорт кешенінде жаттығады. Спортшыларымыз халықаралық және республикалық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр, – дейді жаттықтырушы Жомарт Ұзақбай.
Солардың бірі – Бекзат Ғабитұлы. Ол алты жылдан бері қазақ күресімен айналысып келеді. Осы уақыт ішінде облыстық және республикалық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге іліккен.
Жас балуанның айтуынша, қазақ күресін таңдауына оның ұлттық спорт екені және достарының осы үйірмеге қатысуы себеп болған.
– Қазақ күресі – ұлттық күрес. Оның әдіс-тәсілдері маған қатты ұнады. Достарым да осы спортпен айналысқан соң, мен де қазақ күресін таңдадым, – дейді Бекзат Ғабитұлы.
Ардагер жаттықтырушы Мықтыбек Алтыбай ұлттық спортты ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет екенін айтады. Оның пікірінше, қазақ күресі халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен бірге қалыптасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
– Қазақ халқы қанша жасаса, қазақ күресі де сонша жасап келеді. Әлемдегі басқа спорт түрлері өркениетпен бірге өмірімізге енсе, қазақ күресі халқымызбен бірге жасап келе жатқан спорт. Көкпар, бәйге, аударыспақ, қазақ күресі – біздің ұлттық кодымыз. Сондықтан әр қазақ баласы қазақ күресімен айналысып, оны білуі керек, – дейді ардагер жаттықтырушы.
Қордайлық балуандардың жетістігі мұнымен шектелмейді. Жуырда Сезім Өтеулі Бакуде өткен қазақ күресінен әлем чемпионатында 65 келі салмақта чемпион атанды. Ал «Қазақстан барысы – 2026» турнирінде өңір намысын қорғаған Ғалымжан Қырықбай күміс жүлдеге ие болды.

